389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балқаш көлінде балық аулау қауіпті

  • 599
  • UPD: 22:42, 14.01.2019

Себебі мұз қалыңдай қоймаған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соған қарамастан айдынға жаяу адам тұрмақ көлікпен шығып кететіндер көп. Жыл басталғалы 10 адам әкімшілік жауапқа тартылған.

Бірақ тоқтау жоқ. Кезекті рейд кезінде көл бетінде көлікпен кезіп жүргендердің тағы біразы қолға түсті. Осыған қынжылған құтқарушылар балықты аумен сүзіп алып жатқан браконьерлердің де азаймай тұрғанын айтады.

Балқаш көлінде мұз қалыңдамай тұр. Бұған күн райының құбылуы себеп. Соның салдарынан биыл қысқы балық аулау маусымы да мезгілінен кеш басталыпты.     

Көлдің бетін қар басып қалғандықтан, мұз әлі жұқа. Небәрі 50 сантиметрге жетер-жетпес. «Ал былтыр дәл осы уақытта мұздың қалыңдығы бір метрге жуықтаған болатын», – дейді балықшылар.

Мұз қатпаған соң құтқарушылар да күн сайын рейдке шығады. Себебі көлікпен көл кезіп, қарапайым қауіпсіздік шараларын ескермейтіндер көп. Қыс басталғалы екі адам зардап шеккен. Ал 10 адам әкімшілік жауапқа тартылыпты.

Дархан Қуанбаев, Балқаш құтқару бөлімшесінің басшысы:

- Автокөлікпен шыққан адамдар өте көп. Оларға біз ескерту жасаймыз, мұздың үстіне шықпауларын сұраймыз. Бір жерде тұрып қалуы мүмкін. Байланыс жоқ болса, құтқару қызметіне хабарласа алмайды. Сондықтан өте қауіпті деп айтуға болады. Қазіргі таңда күнделікті ауа райы да құбылмалы болып тұр.   

Көлікпен шығатындардың көпшілігі көлге қармақ салмайды, ау құрады. «Соның салдарынан қалаға жақын мүйісте мүлдем балық қалмады», – дейді балықшылар. Ең сорақысы, қанша ұсталғанымен, браконьерлерге тоқтау болмай тұр.

Александр Рихтер, балықшы:

- Бұл браконьерлердің ісі. Шығанақты айналдыра ау құрып тастаған. Ірі балықтар кіре алмайды. Ал барын сүзіп алған. Үш күн болды келіп жүргеніме, қармағым мүлдем қаппайды. Ұсақ балықтан бірен-саран ауладым. Былтыр жақсы болған.

Құтқарушылар: «қаңтардың соңы мен ақпан айында аймақта ақтүтек боран соғуы мүмкін. Сондықтан балық аулауды уақытша шектеген дұрыс», – дейді. Күні кеше қаладан 20 шақырымға ұзап кетіп, көл үстінде көлігі сынып қалған 3 адамды құтқарған.  

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы