378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Жусан» операциясы негізінде деректі фильм түсіру ұсынылды

  • 935
  • UPD: 17:45, 16.01.2019

9 қаңтарда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жусан» бірегей гуманитарлық операциясын сәтті аяқтау туралы мәлімдеме жасағаны белгілі.

Сирия жерінде террористердің тұтқынында болған әйелдер мен балалар елге қайтарылды. Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдап, «Жусан» операциясы негізінде деректі фильм түсіруді ұсынды. Жалпы «Кинематография туралы» салалық заң қабылданып, бұл бағытта қомақты қаражат бөлініп жатқандықтан, патриоттық, мәні бар туындыларды көптеп жасау керек. Ал «Жусан» бірегей гуманитарлық операциясы – деректі, көркем фильмге сұранып тұрған тақырып.

Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:

– Президент гуманизм актісіне бастамашы болу арқылы Қазақстан азаматтарының қай жерде болса да, олардың тағдырына деген қамқорлығы мен алаңдатушылығын көрсетті. Елбасының халықаралық беделі мен оның жан-жақты, белсенді бітімгершілік қызметінің мойындалуының арқасында осындай бірегей операцияны жүзеге асыру мүмкіндігі туды. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың арнайы тапсырмасымен жоғары деңгейде жүзеге асырылған қазақстандық азаматтарды құтқару операциясы секілді ерекше оқиғалар өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беретін көркемдік кино түсіруге тамаша сюжет болар еді. Осыған байланысты мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жусан» операциясы негізінде шытырман оқиғалы, деректі, патриоттық тәрбиедегі көркем фильм түсіруге тапсырма беруіңізді сұраймын.

Сондай-ақ бүгін Мәжілістің жалпы отырысында бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер екінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасының маңыздылығына тоқталған палата спикері Нұрлан Нығматулин құжат Мемлекет басшысының бизнес-ортаны одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленгенін атап өтті. Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, мақұлданған түзетулер кәсіпкерлікті өркендетуге жаңа серпін береді.

Айталық, заң жобасында жаңадан кәсіпорындар ашу, несие алу, құрылысқа рұқсат беру және салық салу талаптары жеңілдетілген. 2020 жылдан бастап тауарларды таңбалау және сауда-саттық қызметінде кассалық-бақылау құралдарын пайдалану ережелері енгізілді.

Хабар 24 телеарнасы