386,83 431,60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандыда балабақша тәрбиешісінен туберкулез анықталды

  • 569
  • UPD: 18:47, 16.01.2019
Қарағандыда балабақша тәрбиешісінен туберкулез анықталды

Қарағандыда балабақша тәрбиешісінен туберкулез анықталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның құрт ауруына шалдыққаны 1 ай бұрын белгілі болған. Бірақ мұны кеш естіген ата-аналар балалары үшін алаңдаулы. Тәрбиеші жұмыс істеген топта 30 бала бар екен. Ал жалпы балабақша бойынша 480 бүлдіршін тәрбиеленеді. Осы жағдайдан кейін дәрігерлер шұғыл тексеріс жүргізген, бірақ балалар мен қызметкерлердің ешқайсынан туберкулез белгілері анықталмапты. Балабақша басшылығы болса, оқу жылының басында барлық қызметкерлер міндетті түрде медициналық тексерістен өтетінін және ол кезде тәрбиешіден туберкулез белгілері анықталмағанын алға тартып отыр. Қызметкер тек желтоқсан айында аяқ астынан ауырып, демалысқа шыққан. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері «байбалам салудың еш қажеті жоқ, бұл жағдай қатаң бақылауда», – дейді. Науқастың диагнозын белгілі тәртіптерге сәйкес ата-аналарға жария етпеген. Бірақ тәрбиешенің дертке шалдыққаны туралы ақпаратты аурухана қызметкерлерінің бірі әлеуметтік желіде таратып жіберген. Қазір осы оқиғаға қатысты қызметтік тергеу жүріп жатыр. Егер дерек расталса, кінәлі азамат тәртіптік жауапқа тартылуы мүмкін.

Ардақ Сыздықова, балабақша меңгерушісі:

– 26 желтоқсаннан бастап бізде алдын алу жұмыстары жүргізілді. Нақты сол тәрбиешісі болған топта дезинфекция жүргізілді. Балалар манту алды. Ал қалған 300 балаға ақпан айында жоспарланып отыр.

Қалдыбек Исмаилов, облыстық туберкулезге қарсы диспансердің директоры:

– Ол өзі бірінші рет қаралған уақытта қақырық анализінен кох таяқшалары табылмаған. Сондықтан арнайы туберкулезге қарсы диспансерге жіберіліп, тексерістен өтіп, туберкулезбен ауырады деген диагноз қойып отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы