427,07 518.00 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» жəне «Kazakh TV» телеарналары Ресей нарығына шықты

  • 2867
  • UPD: 21:56, 16.01.2019

Ресейдің көршілес аймақтарына «Хабар 24», «Kazakh TV» телеарналары кабелдік желі бойынша өз хабарларын тарата бастады.

Бұл Елбасының шетелдегі ағайынды отандық ақпаратпен қамтамасыз ету талабынан туындап отыр.

Мағауия Қалиев, тілші:

– Ресейдің Оңтүстік Орал өңіріндегі ірі қалалардың бірі Челябіде кабелдік желі бойынша 150-ге жуық телеарналар өз хабарларын таратады. Олардың барлығы дерлік – федералдық және өңірлік телеканалдар. Жақында солардың қатарын қазақстандық «Kazakh TV» және «Хабар 24» толықтырды. Енді отандық қос арна 5 миллионнан астам халқы бар шекаралас жатқан Ресейдің бірнеше мегаполистерін қамтиды.

Үміт Байдәулетова, Челябі қаласының тұрғыны:

– Теледидар қарағанда көптеген концертті өзіміз көреміз. Өте қуаныштымыз.

Үміт Байдәулəтова мен Мəрия Жаңабайқызы – Челябі қаласының байырғы тұрғындары. «Қазақстан арналары көрсете бастағаннан бері бас қосуымыз жиіледі. Ел жақтағы ағайын туыстарымыз бір табан жақындай түскендей əсерде қалдық», – дейді олар.

Сара Әбдірахманова, Челябі қаласының тұрғыны:

– Бұл каналдар өте қажет. Егер жастар кешке қазақстандық каналдарды қосып отырса, қазақ сөздерін сіңіріп отырады. Қазақстанда қандай жаңалықтар болып жатыр, бәрі қызық.

Қазақстандық тарапқа көрші елдің ақпарат нарығына ену оңайға түскен жоқ. Ақпарат жəне коммуникациялар министрлігі мен «Хабар» агенттігі бірлесіп, күрделі келіссөздер жүргізудің нəтижесінде тиісті лицензияға қол жеткізді.

Роберт Мурадян, «Хабар» агенттігі» АҚ даму жөніндегі бас менеджері:

– Зерттеу барысында Ресей телекөрермендерінің арасында Қазақстанда болып жатқан жағдайларға, өзгерістерге қызығушылық бар екендігін анықтадық. Біздің өткен тарихымыз, бүгінгі күніміз, алдағы болашығымыз да тығыз байланыста. Осындай қарым-қатынасымыздың алуандығын ескере отырып, отандық екі арнаны Ресейге шығару жөнінде шешім қабылданды.

Болашақта қазақстандық қос арнаның көрші елде таралымын әлі де кеңейте түсу жоспарда бар. Яғни «Хабар 24» және «Kazakh TV» Ресейдің барлық федералдық, өңірлік кабелдік операторларына қосу межеленіп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Хабар 24 телеарнасы