389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жастар жылында Павлодарда 500-ге жуық ауқымды шара өткізіледі

  • 1654
  • UPD: 21:46, 16.01.2019

Елімізде 2019 жыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі.

Мақсат – ел болашағы, кейінгі буын өкілдеріне жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыру.

Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға Ертіс өңірінің ұл-қыздары білек сыбана кірісіп кетті. Жастар бір жылдың ішінде түрлі бағыттағы 500-ге жуық ауқымды шара өткізбек.

Жастар бастамаларын дамыту орталығына келетін азаматтардың қарасы қалың. Бұл жерде оларға құқықтық қолдау көрсетілумен қатар тың жобаларын жүзеге асыруға көмек көрсетіледі.

Ақмарал Есімханова, тілші:

– Павлодардағы жастар бастамаларын дамыту орталығы – елімізде ең алғаш ашылған ұйымдардың бірі. Оның алты жылдық тарихы бар. Айта кетейік, бүгінгі таңда бұл орталық жастардың тың идеяларын жүзеге асыруға сеп болып, жастар бірлестіктерінің басын қосып отыр.

Бүгінде бұл мекемеде 40-тан астам үкіметтік емес ұйым топтасқан. Әр бірлестіктің өз мақсаты бар. Жастар жылы аясында игі істер жалғасын таппақ.

Төлеген Айтбаев, облыстық жастар бастамаларын қолдау орталығының директоры:

– Павлодар облысының жастары республикада, жалпы өңірімізде ең белсенді жастар деп айтуға болады. Ол бүкіл облыстың 32% құрайды. Сондықтан 2019 жыл үлкен шараларға толы болады. Ол Павлодар облысының аудандары мен қалаларын жобалап алған кезде 400-500-ден астам үлкен шаралар.

Өнер-білім қуған жастар да қолдаудан қағылмаған. Облыстық оқушылар сарайының жанындағы «Свет звезды» шығармашылық орталығының бір топ өнерпазы Мәскеуде өткен халықаралық байқаудың бас жүлдесімен оралды. Ал алты жасар ұл-қыздар екінші орын тұғырынан көрінді. 2,5 мың дарынды жас қатысқан сайыста әншілер қазақ елін әлемге танытты. 60-тан астам мемлекеттің ішінде үздік атанды.

Тамила Рақымбаева, халықаралық байқау жеңімпазы:

– Халықаралық байқаудың жеңімпазы атанамыз деп ойламадық. Себебі бұған дейін Испанияда өткен бәйгеде бірінші орынға ие болдық. Дарья екеуміз бір сахнада ән шырқап, өнерімізді паш еттік. Біз үлкен сахналарда еліміздің намысын қорғауды мақсат етеміз.

Шығармашылық орталықтың 20 жылдан астам тарихы бар. Осы уақыт аралығында талай дарынды бала түлеп ұшып, бүгінде өнер саласында жемісті еңбек етуде.

Елена Валько, музыкалық жетекші:

– Халықаралық байқау жастарға қанат бітірді. Өнерпаздардың сахнада ән шырқауын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Шыны керек, таң қалдым. Шәкірттерім үмітімді ақтады. Мыңдаған қатысушы ішінен мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік атанды. Жуырда Италия мен Франциядан шақырту алдық.

Еске салсақ, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары павлодарлықтар еліміздегі жастар саясаты жөніндегі заң жобасын әзірлеу бастамасын көтерген. Сондықтан биылғы жастар жылына артылар үміт зор деуге негіз бар.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы