389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қырғызстанда балабақшаларға электронды кезек енгізу жүйесі тиімділігін көрсетті

  • 685
  • UPD: 23:41, 16.01.2019

 

Осыдан бір жыл бұрын Қырғызстан өкіметі балаларды мектеп жасына дейінгі мекемелерге орналастырудың жаңа жүйесін қолдана бастаған еді.

Сынақ жүзінде өткен жоба енді бүкіл ел бойынша қолданысқа енеді.

Қырғыз жұрты ірі қалаларда баланы балабақшаға орналастыру, оқуға түсіргеннен де қиын деп әзілдеп жатады. Былтыр білім министрлігі бала кезегін электронды жүйеге тапсыруды ұйғарған болатын. Алайда ата-аналар берген мәліметтер сәйкес келе бермегендіктен, бұл жүйе жұмысын кеш бастады. Мысалы, кезекке тұрушылар тіркелген жерінде тұрмайтын болып шығады. Сол себепті сынақ жүзінде бұл жоба алдымен Бішкек пен оңтүстіктегі ең ірі қала - Ошта енгізілді. 

Тологон Аматов, Қырғызстан білім министрлігінің IT маманы:

– Бұл жүйенің бір ерекшелігі, балабақша директоры кезекте кім тұрғанын білмейді. Мысалы, 10 адам тұрса, бірінші бала қабылданбай, екіншісіне орын ашылмайды. Яғни біреуді ығыстырып, кезекке тұруға жол жоқ. Себебі әр адам өз кезегін бақылайды. Міне, ата-аналарға біз осындай мүмкіндік бердік.

Электронды кезек енгізудің алғашқы кезеңінде көп сұрақ туындады. Білім министрлігінің мамандары көбіне балаларды қашан қабылдайтынын түсіндіруге мәжбүр болды. Балабақшалардың толуына байланысты бұл мерзім бірнеше айға, тіпті жылға ұзап кететін. Бірақ уақыт өте ата-аналар асықпай өз кезегін күтуге үйренді.

Гүлнар Ибраева, балабақша директоры:

– Жұмысым жеңілдеді, ешкім қысым жасамайды. Бәрі кезекпен орналысып жүр. Бәрі тыныш. Бос орын болса, бала қабылдаймыз. Сайтымызда қанша бала қабылдай алатынымызды жариялаймыз.

Жаңа жүйе бойынша 13 мың бала мектепке дейінгі мекемелерге орналастырылған. «Тек ата-аналар ертерек қамданса болды», – дейді мамандар. Енді бұл тәжірибе бүкіл ел аумағында қолданылмақ. Ең бастысы, электронды кезек саладағы жемқорлықты азайтатын болды.

Авторы: Бакыт Чермашев

Хабар 24 телеарнасы