378,62 431.00 6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі шағын ауданға жол жоқтығынан жедел жәрдем көлігі кіре алмайды

  • 638
  • UPD: 14:30, 17.01.2019

Шымкенттің іргесіндегі «Солтүстік саяжай» мөлтек ауданының тұрғындары таза ауыз сусыз, жарықсыз және жолсыз күн кешуде. Естеріңізде болса, осы шаһарға қарасты елді мекеннің жайын біз өткен жаңалықтарымызда да айтқан болатынбыз.

Қордаланған бұл мәселе Абай ауданы әкімінің халық алдындағы есептік жиынында да көтерілді. Әкім Бұқарбай Парманов, биыл Солтүстік саяжайдағы 11 көшеге шағал тас жол салынады. Ауыз су да шешімін табады. Электр жарығына да қол жеткізетін күн алыс емес дейді. 

Нұрбек Байбосын, тілші:

- «Солтүстік саяжай» деп аталатын мөлтек ауданның инфрақұрылым мәселесі Абай ауданы әкімінің есеп беру жиынындағы басты тақырыбы болды. Мөлтек аудандағы жол, ауыз су, жарықтың жағдайы түбегейлі шешімін таппағанмен сәлде болса әкімдік тарапынан сең қозғалды дейді тұрғындар. Ал мұндағы халықтың басты сұранысы әзірге қатынас үшін тас жол.

Өркениеттен қалыс қалған шағын ауданда әсіресе батпақты көшемен үлкен жолға шығу мектепке баратын оқушыларға қиын. Мұндағы жұрт «бас ауырып, балтыры сыздаса» жедел жәрдем  үй маңайына жете алмайды. Ауырып жатқан науқасты дертіне қарамастан, үлкен көшеге көтеріп алып шығуға тура келеді дейді халық.

Баянбай Тұрмаханов, «Солтүстік саяжай» мөлтек ауданының тұрғыны:

-Беті аулақ мына үй өртенсе, автокөлік кіре алмайды. Пожарный дейді ғой.  Кеше мынау көршінің баласы ауырды. Соны үйден көтеріп, мына трассаға алып келдік. Осы жолды жалғастырып істесе, жолдарды қосып берсе.

Майра Ергешова, «Солтүстік саяжай» мөлтек ауданының тұрғыны:

- Балам ауырған кезде мен скорый шақырсам, келмейді. Мына жерге дейін тас төселген. Сол тас төселген жерге дейін келеді де ары қарай біз бара алмаймыз скорый батып қалады дейді. Амал жоқ, сол жерге баламызды көтеріп барамыз.

Осында көп жылдардан бері тұратын Майра Ергешова судың да сұрауы бар екенін жақсы түсінеді. Таза ауыз су тұрмақ ыдыс жуған шайынды суды сыртқа төкпейміз. Онымен көмірді жібітіп аламыз дейді ол. Себебі мұндағылар ауыз суды аптасына бір рет қана қанып ішеді. Тегін таратылатын су барлығына бірдей жеткілікті емес. Әр үйге 300 литр ғана су беріледі.

Майра Ергешова, «Солтүстік саяжай» мөлтек ауданының тұрғыны:

- Сусыз нансыз мына заманда күн көре алмайсың ғой. Су керек обизательно. Сол су мысалға жаңбыр жауған кезде келмей қалады. Біз оны күтіп отырамыз. Ыдыс-аяқ жуған суымызды көмір шылаймыз. От жағамыз. Кір жуған суымызды да төкпейміз. Бәрін жинап отырамыз.

Мәтін: «Солтүстік саяжайдың» жағдайын жақсы білемін дейді Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов. Мұндағы қордаланған мәселелерді шешу үшін бірнеше рет халықпен де жүздесіпті. Көктем шыға мұндағы шағын ауданда әуелі 11 көшеге тас жол салынады. Сосын ауыз су тартылады. Барлығы ретімен шешімін табады дейді аудан басшысы.

Бұқарбай Парманов, Абай ауданының әкімі:

 - Солтүстік саяжайда 4875 үйге жер учаскелері берілген. Соның ішінде 675-і тұрғын үйін салып сол жерде тұрып жатыр. 2019 жылы қалалық бюджеттен қаржы бөлініп, 675 үйдің барлық көшесін толық қазір 11 көшесі қалды сол көшелердің барлығына шағал төсейміз. Су магистралды құбырлары ол жерге келген жоқ. Енді ол 2018 жылы  басталған. Бітпеуіне байланысты 2019 жылға өтпелі болып отыр. Су магистралы келгеннен кейін 675 үйдің су құбырын жүргізуде жобалық сметалық құжаттары бүгінгі күнде ЖКХ басқармасында ол жұмыстар жасалынып жатыр. Газ мәселесі де сондай жағдайда.

Дәл қазіргі өркениет дамыған заманда тура осылай өмір сүріп жатқанымыз қызық дейді «солтүстік саяжайлықтар». Тұрғындарға енді тек әліптің артын бағу қажет.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы