429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ләззат Ибрагимова баспаналы болудың жолдарын түсіндірді

  • 2291
  • UPD: 23:19, 17.01.2019

Баспаналы болғың келсе, басыңда несие болмасын!

Еліміздегі 6 млн адамның мемлекеттік бағдарламамен ипотека алуына дәл осы мәселе кедергі. «Сондықтан арзан тұрғын үйге қол жеткізу үшін талаптарды ерекше ескеру керек», – дейді сала мамандары. Ал барлық талапқа сай келгендер үшін таңдау жетерлік. Өйткені жыл сайын еліміздегі құрылыстың қарқыны шашамен 1 миллион шаршы метрге артып жатыр.

Ұялы телефон, тұрмыстық техника және тағы да басқа кредитке алыған дүниелер баспана алуға басты кедергі. Несие бюросының есебі бойынша, елімізде осындай миллиондаған адам бар екен. Сондықтан ипотека алу үшін барлық тұтынушылық несие мен несиелік карталар жабылуы керек. Бұл жөнінде бүгін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Үкімет үйінде өткен арнайы брифингте ол арзан тұрғын үй несиесін қалай алуға болатынын тәптіштеп түсіндіріп берді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ләззат Ибрагимова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

- Негізгі тетіктер мынадай: отбасыңыздың орташа табысы есептеліп, ол отбасының әрбір мүшесіне бөлінеді. Біз оның несиені төлей алатындығын қараймыз. Барлық банктердің нормативтеріне сәйкес несие төленгеннен кейін сіздің табысыңыздың 50 пайызы өмір сүруіңізге, балаларыңызды асырауға, киіндіруге, тамақтандыруға жетуі керек.

Міне, дәл осылай банк өткен жылы 38 мыңнан аса отбасыға баспана алуға көмектескен. Бұл өзіндік рекорд екен. Сәйкесінше елімізде баспана құрылысы да қарқынды дамып жатыр. Мәселен, 2017 жылы 11 миллион шаршы метр қолданысқа берілсе, өткен жылы көрсеткіш 12 миллионнан асып түскен. Ал биыл 13 миллион шаршы метр үй пайдалануға берілуі керек. Яғни жыл сайын құрылыс қарқыны шамамен 1 миллион шаршы метрге артып отыр. Ал баспана салу көрсеткіші ең жоғары қалаларға Астана, Алматы және Маңғыстау облыстары кіреді. Жалпы, барлық аймақ алға қойған жоспарды толық орындаған.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

- Үй құрылысына 1 трлн 182 млрд теңге инвестиция салынды. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 8 пайызға артық. Пайдалануға берілген үйлердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 12,1 пайызға көбейіп отыр. Мемлекет тарапынан бөлінетін 1 теңгеге 6 теңге жеке инвестициялар тартылды біздің салаға.

Биыл да мемлекеттік бадарламалар өз жұмысын жалғастырып,  ондаған мың адамды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге дайын. Бұған қоса, сала басшылары үйіне қол жеткізе алмай жүрген үлескерлер мәселесін де басты назарда ұстап, тезірек шешуге атсалысатындарын жеткізді.

Авторлары: Аслан Қаженов, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы