429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Браконьерлер қолынан қаза тапқан инспектор жерленді

  • 1927
  • UPD: 23:19, 17.01.2019

Бүгін Қарағанды облысындағы Баршын ауылында «Охотзоопром» мекемесінің инспекторы болған Ерлан Нұрғалиевтің денесі жер қойнына тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Марқұмды ақтық сапарға шығарып салуға жүздеген адам жиналды. Сондай-ақ инспекторларға шабуыл жасады деген 4 күдіктінің ұсталғаны мәлім болды.

Бейбіт күннің батыры. Жанағаза жиылғандардың барлығына жуығы бүгін бұл сөзді тек Ерлан Нұрғалиевке қарата айтты. Бұл қазаның халықтың қабырғасын қайыстырып кеткені анық байқалды. «Бәрінен де оны құтқаруға мүмкіндік болды. Тек оны пайдалана алмағанымыз жанға батты», – дейді марқұмның жақындары.

Айта кетейік, басынан ауыр соққы алып, қансыраған инспектор Астанаға жеткізіліп, тиісті медициналық көрсетілгенше 10 сағаттан астам уақыт өтіпті.

Нұрлан Нұрғалиев, Е.Нұрғалиевтің інісі:

- Денесі салқын. Басы жарылған. Соққы тиген. Көзден көз жоқ. Мұрны сынған. Орындыққа шалқайтып алып келдім. Қолымды астына салып, басындағы жарақатқа уақытша мата таңып, йодпен қолдан келген көмекті жасап, Астанаға жол тарттық.

Қызметтегі серігі мен досын соңғы сапарға шығарып салу үшін Петр Ницык та келді. Оның айтуынша, ширек ғасыр аумақтық инспектор қызметін атқарған Ерлан Нұрғалиев ер мінезді азамат болыпты. Сондықтан браконьерлермен арадағы қақтығыста да есесін жібермеген көрінеді. Киікке қорған болғандар күш ала бастаған соң киеден қорықпайтындар қаруға жүгінген. Жолдасын жер қойнауына тапсырып жатып, Петр Ницык қорқынышты түстей болған сол оқиғаны еріксіз есіне алды.

Ер есімі – ел есінде. Баршын жұртшылығы Ерлан Нұрғалиевтің есімін ұлықтауды ұсынды. Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігі сайын адаланың еркелерін көзінің қарашығындай сақтаған инспекторды «Ерлігі үшін» мемлекеттік наградасына ұсынып отыр. Сондай-ақ жауапты министрлік қызметкерлері марқұмның отбасына бір күндік жалақыларын аудару туралы шешім қабылдады.

Марқұмның артында жалғыз ұлы мен екі немересі қалды. Бүгін инспекторларға шабуыл жасады деген күдікпен 4 адам ұсталды. Тағы бірнеше күдікті іздестіріліп жатыр.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда осындай 10 дерек тіркеліпті. Алайда олардың біреуінде ғана браконьерлер жазаға тартылған.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Әділғазы Төлеміс

Хабар 24 телеарнасы