378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Астанада жедел жәрдем қызметкерін пышақтаған азамат ұсталды

  • 468
  • UPD: 23:17, 17.01.2019

Ол өз әйеліне көмек көрсетуге келген бір топ маманға қарсылық көрсетіп, суық қару қолданған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Салдарынан жедел жәрдем фельдшері басынан ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті.

Оқиға жедел жәрдем қызметкерлерін әдеттегі шақырту кезінде болған. Көмекке асыққан бір топ маман тұрғын үйге барған бойда ауырып жатқан азаматшаның мас күйдегі күйеуі жанжал шығарады. Соңы суық қару қолданумен аяқталады. Ол қызмет бабында жүрген фельдшерге пышақ ұрған. Басынан ауыр жарақат алған қызметкер ес-түссіз қалады. Абырой болғанда, көрер жарығы бар екен. Оған әріптестері дереу көмек көрсетіп, ауруханаға жеткізеді.

Юрий Дегтярь, теміржол ауруханасы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Науқасқа жабық бас-ми жарақаты және бас миының шайқалуы сынды диагноздар қойылды. Ол бас терісін тігуге тура келді. Бірақ сүйегіне зақым келмеген. Қазір жағдайы бір қалыпты.

Фельдшерді пышақтаған азамат қамауға алынды. Ол – 1994 жылғы қала тұрғыны. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Жалпы азаматтар тарапынан жедел жәрдем қызметкеріне шабуыл жасау жағдайы бұл ғана емес. Бас қаланың өзінде былтыр осындай 8 дерек тіркелген.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары

- Қылмыстық және әкімшілік кодекстерде жедел жәрдем қызметкерлеріне шабуыл жасауға байланысты арнайы жауапкершілік бар. Бұл деректер бізді алаңдатады. Оның алдын алу қиын. Сондықтан құқық қорғау органдары тиісті жазасын беруі қажет.

Дәрігерлердің айтуынша, шақырту кезінде олар тұрғындар тарапынан жиі жәбір көреді. Мұндай деректер жас буынның медицина саласында жұмыс істеу ынтасын да төмендетіп жіберуі мүмкін. Сондықтан мамандар өз қызметін кедергісіз орындауы үшін азаматтардың ашу-ызаға берілмеуін сұрайды.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы