387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі ғылыми жұмыстарды қаржыландырумен айналысатын кеңестің былығы ашылды

  • 520
  • UPD: 15:43, 19.01.2019
Еліміздегі ғылыми жұмыстарды қаржыландырумен айналысатын кеңестің былығы ашылды

Еліміздегі ғылыми жұмыстарды іріктеп, оларды қаржыландырумен айналысатын кеңестің былығы ашылды.

Яғни оның құрамы заңды өрескел бұза отырып, жасақталған және салаға бөлінген қаржыны оңды-солды жұмсаумен айналысқан. Бұл жөнінде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен жиында белгілі болды. Мәселенің ушығуына жоғары ұпай алған ғылыми жұмыстардың елеусіз қалғаны себеп. Ал деңгейі әлдеқайда төмен жұмыстарға миллиардтаған қаржы бөлінген. Ең қызығы, осының барлығына жауапты Білім және ғылым министрлігі жанындағы комитет үнсіз отыр. Яғни заңбұзушылықты көре тұра ешқандай шара қолданбады.

Жақып Мырзантай, ғалым:

– Мысалы маған «ғылыми жұмыспен айналыс, іссапарға барып кел» деп ешқашан ақы төленген емес. Бірақ университет басшылары мақалаларды жинап алады да, міне біздің жұмыс деп ғылымға бөлінген қаражатты ақтау үшін ұсынады. Бұл жерде жемқорлық жоқ дейсіз бе?! Өйткені бір адамдар грантты ұтып алады, мен сияқтылар мақала жазады.

Рахымжан Нұрсейітов, ҚР БҒМ ғылым комитеті төрағасының орынбасары:

– Орта балдан жоғары балл алғандар міндетті түрде қаржыландыру керек деген норма бар екенін атап өттіңіз. Қазіргі қолданыстағы нормалық құқықтық актіде дәл сондай норма жоқ. Осы норманы біз өзгертіп жатырмыз. Енді соңғы шешімді күтіп отырмыз.

Хабар 24 телеарнасы