389,75 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сириядан құтқарылғандар оңалту орталығында бейбіт өмірге қайта бейімделіп жатыр

  • 955
  • UPD: 11:22, 29.01.2019

Сириядан құтқарылған Қазақстанның 47 азаматының жетеуі қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды. Қалғаны Ақтаудағы оңалту орталығында бейбіт өмірге қайта бейімделіп жатыр. Әйелдер мен балаларға әлеуметтік, психологиялық, медициналық және құқықтық көмек көрсетілуде. Балалар білім алып, қазақ тілін үйреніп жатыр. Жылдар бойы тұтқында болған отандастарымыздың қазіргі жағдайы қалай? Гүлмира Әбішеваның репортажы.

Елбасының арнайы тапсырмасы бойынша жүргізілген «Жусан» операциясы барысында елге жеткізілгендердің бірі 30 жастағы Шолпан есімді келіншек. Ол 6 жыл бойы Сирияда болған азапты күндерді әлі ұмыта алмай жүр. Жолдасының сөзіне еріп, шекара асқан Шолпан алданғанын 1 айдан кейін бір-ақ білген. Екі баласы құжатсыз дүниеге келді. Әкелері кезекті қақтығыстың бірінде қайтыс болған.

Шолпан:

- Егер сен против ИГИЛ ауызыңды ашсаң онда сен моментально жоқ боласың, сразу келіп атып кетеді, түрмелеріне жауып тастайды. Әйтеуір біз шықтық сол болотодан, Аллаға шүкір. Өте бақыттымын. Біз күткен жоқпыз. Біздің лагерьде бүкіл жердің адамдары болды. Европадан, Германия, Македония, Франция, СНГ-лар болды. Солардың ішінен біз Қазақстан. Біздің Президентіміз алып шықты. Все были в шоке. Все завидовали неге мен казашка емеспін деп.

Қазір арнайы оңалту орталығында 10 әйел мен 30 бала жатыр. Оларды облыс әкімдігі қажетті киіммен, жылы төсекпен және 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етті. Теологтар мен психологтар әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесіп, көмек көрсетуде.

«Мұнда келген он күннің ішінде оң өзгеріс байқалады. Әйелдер қара киімін ашық түске ауыстырып, балалардың көңіл-күйі жақсарды»,- дейді мамандар.

Дариға Назарова, психолог:

- Қатты айқайлап сөйлемейді. Себебі бомбаның жарылысынан қорқып қалған. Осында жүргенде де ескертіп қоямыз, қызметкерлерге қатты дыбыстарды шығармауға тырысамыз. Себебі бойларында үлкен азаматшалардың да, балалардың да бойларында үрей мен қорқыныш бар. 

Сирияда тек арабтың тұрмыстық тілін меңгерген балалар қазақша оқып, жазуды үйреніп жатыр. Екі сыныпқа бөлінген оқушыларға 30 минуттан әліппе, математика мен сауат ашу пәндері оқытылады. Еліне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында Отан, Қазақстан туралы арнайы сабақтар да жүргізіледі. 

Тұрсын Досжанова, бастауыш сынып мұғалімі:

- Әріптерді біледі, бірақ қосып оқи алмады. Жазғанда да бұлар әріпті қосып жаза алмайды екен. Оны да қосып жазғызып, бөлек дәптерге жазғызып жатырмыз. Басында кішкене еркелеп, айтқысы келмей жүретін еді, бірте-бірте, кеше, бүгін үйреніп, өздері амандасып, қоштасып кетті. Жақсы болып келе жатыр.

Әсия Сапарғалиева, инфекционист-дәрігер:

- Келген кезде бәрін тексеруден өткіздік, қан алдық. Осы күнге жағдайлары жақсы келген күннен. Балалардың қызулары түсті, аналардың да қызулары болды, ол түсті. Дәрі-дәрмектері жеткілікті, витаминдермен қамтылды, вирусқа қарсы дәрілермен қамтылды.

Қазір отанға оралғандардың төлқұжаттарын реттеу жұмыстары жүріп жатыр. Сирия мен Иракта туған балаларға жаңа құжат әзірленбек. Ал ата-анасы соғыста қаза тапқан бір бала туыстарына берілетін болды. Мұндағылардың арасында Астана, Алматы қалалары мен Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының тұрғындары бар. Оңалту жұмыстары аяқталған соң оларды өз үйлеріне жібереді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы