431,82 507,51 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы ауыл тауқыметпен күн кешуде

  • 1668
  • UPD: 15:25, 19.01.2019

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты Мамыр ауылының тұрғындары өркениетттен қалыс қалып, тауқыметпен күн кешіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Елді мекенде медициналық емдеу орны атымен жоқ. Ауызсу тапшы. Бар болса да, оның өзі сапасыз. Ал көшедегі электр желілерінің тозығы жеткен. Тіпті ағаш бағаналары шіріп, құлаудың аз-ақ алдында тұр.

Мамыр ауылындағы осыдан жарты ғасыр бұрын тұрғызылған электр бағаналарының шірімегені кемде-кем. Қазір бұлар жан-жағына қойылған тіреудің арқасында әзер тұр. Салбырап кеткен сымдар бір-бірімен айқасып қалмас үшін олардың әр жеріне тұрғындар тас іліп қойыпты. Сымдағы тоқтың тұйықталуынан кейбір ағаш бағаналардың басы жанып кеткен. Ал бұл мәселенің орын алғанына бірнеше жылдың жүзі болыпты.   

Сүлеймен Мамыр, ауыл тұрғыны:

- Бағаналарды арматура ұстап тұр. Бір күні болмаса, бір күні  шайқалады. Жоғары кернеулі. Кірпішті қолдан байлап қойдық. Жел тұрса тиеді. Осыны айтумен-ақ шаршадық. 

500 түтіні бар Мамырдың барлық көшесінде шам жоқ. Тіпті мектепке баратын орталық көшенің өзі қас қарая тас түнекке айналады. Екінші ауысымдағы оқушылар үйіне қараңғылықта қайтады. Алайда жергілікті билік бұл мәселенің әзірге шешілмейтінін айтады.

Арман Ысқақов, Ордабасы ауданы әкімі аппараты бөлім басшысының м.а.:

- Сметалық құжаттама  жасалынбаған. Қолдан тартып алған жаңа мөлтекаудандар бар. Соларға ұсыныс бердік. Хаттамалар енді келеді.

Елді мекендегі тағы бір қиындық – емхананың жоқтығы. Мұндағы сырқаты сыр бергендер дәрігер іздеп, 5-6 шақырым жердегі Бадам ауылына сабылады. Тіпті екі елді мекен ортасында қоғамдық көлік те қатынамайды. Жеке көлігі жоқтар емдеу орнына жаяу жетеді.

Сәлима Базарбаева, ауыл тұрғыны:

- Ту, ту дейді. Келіндер туып жатыр. Сол балаларды дәрігерге апарып көрсету өте қиын. Балалар ауырса, келіндер ауырса, жеткізу қиын. 4 км ұзаққа салынған. Барғанда кезек көп. Кешке дейін жүріп көріне алмай келеді.

Халықтың бұл жанына батқан жан айқайынан ауыл әкімі де хабардар. Десе де басы ашық мәселе ауызекі әңгімеден әрі аспай тұр.

Махмұд Қонысов, Бадам ауыл округының әкімі:

- Ауданмен сөйлесіп жатырмыз. Тиісті құжаттарын дайындаймыз. Бітіреміз. Жер бөлінеді.  Бірақ жер табу мәселесі күрделі мәселе болып тұр.

Ауылдағылардың ауызсуға қатысты айтар шағымы жетерлік. Бір кездері  «Ақбұлақ»  бағдарламасымен жеткен таза судан қазір сапа кеткен дейді тұрғындар. Ал ауыл әкімінің уәжі: «Қаржы қаралмағандықтан, су ұңғымасында жер асты суын тазартатын сүзгілер жоқ. Ендігі жерде қара халықтың осы бір тіршілік нәрін қанағат етуіне тура келеді», – дейді ол.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы