433,40 515.14 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Теміртауда жастарды жұмыспен қамту орталығы ашылды

  • 2635
  • UPD: 21:39, 19.01.2019

Теміртау қаласында жастарды жұмыспен қамту орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда кәсібін бастағысы келетін талапты азаматтарға құқықтық көмек көрсетіліп, жеңілдетілген несиеге қол жеткізудің жолдары түсіндірілмек. «Себебі қазір бизнеске бет бұрып жатқан жастар қатары артып келеді», - дейді мамандар. Бірақ көпшілігі мемлекеттік бағдарламалардан бейхабар. Енді жыл соңына дейін бұндай орталықты облыстың барлық ірі қалаларында ашу жоспарда. Осылайша, бірер жылда жастар арасындағы жұмыссыздықты жою міндеті тұр.

Мейірім Орынбаев осыдан үш жыл бұрын тағдырдың жазуымен арбаға таңылған. Мойын омыртқасына зақым келген ол Талдықорғанда ем алып, бір жылда жақсы нәтижеге қол жеткізіпті. Кейін үйіне оралған соң, мүгедектерге көмек көрсету орталығын Балқаш қаласында ашуды ұйғарған. Қазір мұнда 5 адам еңбек етеді.

Мейірім Орынбаев, кәсіпкер:

– Нәтижесі бар. 2-3 адамдай аяғынан тұрып, дәретіне қайтадан өзі бара алатындай дәрежеге жетіп жатыр. Міне, қала әкімінің грантын ұттық, 1 миллион теңге. Оған енді тағы 5 тренажер аламыз.

Ал Думан Бейсенаев – шаңғыдан әуесқойлар арасында халықаралық жарыстардың жүлдегері. Жанына жақын кәсіпті табыс көзіне айналдыру үшін ол Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғат паркінен 5 жылға жалға жер алып, шаңғы базасын ашты. Келешекте жас кәсіпкер бұл алаңда үлкен жарыстарды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

Думан Бейсенаев, кәсіпкер:

– Адамдар белсенді келіп жатыр. Қысқы туризм өте жақсы. Шаңғымен жүгіру, таудан сырғанау. Келешекте жерді ұзақ мерзімге аламыз деген ойымыз бар. Бұл бастамасы. Бұл жер үлкен шаңғы базасына айналады. Шаңғы трассасына жарық өткізіледі.

Қазір кәсіп ашқысы келетін жастар өте көп. Бірақ көпшілігі жолын біле бермейді, мемлекеттік көмектен бейхабар. Оларға кеңес беру үшін Теміртау қаласында жастарды жұмыспен қамту орталығы ашылды. Бұған дейін дәл осындай орталық Қарағандыда жұмысын бастаған болатын.

Мирас Құттыбай, Қарағанды облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда 77 адам келіп, оның алтауы жұмысқа жолдама алды. 23-і қайта оқуға, қалғандары қалай жұмысқа тұруға болады, қандай бизнес ашуға болады, сол туралы кеңес алды. Енді Қарағанды қаласының теміржол вокзалында, сонымен қатар Алтын арба, Горняк, Арай базарларында осындай жұмыспен қамту орталықтары ашылады.

Қазір өміршең бизнес-жобасы бар жастарды қолдау үшін облыс, қала және аудан әкімдерінің қайтарымсыз грантары да беріліп келеді. Осы күнге дейін 300-ге жуық азамат 100 миллион теңге көмек қаржы алған. Жалпы қазір облыста 291 мың жас болса, соның 7 мыңға жуығы жұмыссыз екен. «Жастар жылында» олардың басым бөлігін еңбекке тарту көзделіп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы