383,43 430.12 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодардағы Н. Шафердің музей үйін мемлекетке тапсыру шешімі қызу талқыға түсті

  • 513
  • UPD: 21:37, 19.01.2019

Павлодарда Наум Шафердің музей үйін оңтайландыру туралы қабылданған шешім көпшіліктің қызу талқысына түсті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірегей мәдени ошақты жеке музей мәртебесінен айыру ондағы құндылықтардың жойылуына әкеп соғуы ықтимал. Дабыл қаққан қоғам белсенділері Үкімет басшысынан көмек сұрап хат жазды. Ал профессор Наум Григорьевич Шафер өзінің мол мұрасын мемлекетке тапсыратынын мәлімдеді.

Тарихтың дыбыстық шежіресі. Бұл – әлемдегі бірден-бір грампластинкалар музейі. Оның алтын қорында 27 мың күйтабақ сақталған. Танымал адамдардың шығармалары, сирек жазбалар, ақын-жазушылардың дауыстарын осы жерден табуға болады. Мұндағы әрбір күйтабақтың өзіндік жеке тарихы бар.

Бұл музей 2001 жылы Наум Григорьевич Шафердің жеке күйтабақтар коллекциясының негізінде ашылған. Мұндағы ең алғашқы граммофон күйтабақтарының жазылуы 1898 жылмен белгіленіпті.

Ирина Кононенко, мәдениет саласының ардагері:

–Біз бұл жерге жиі келеміз. Сондықтан күйтабақтар шаң басып текке жатқан жоқ. Оқу залы мен концерттік зал бар. Әр аптаның жұма күндері өткізілетін музыкалық кештерде коллекциядағы әуендерді тыңдаймыз. Керемет бай фонотекаға шетелдіктер талай тамсанған болатын.

Наум Шафер – Евгений Брусиловскийдің шәкірті. Ұстазы сияқты қазақ өнеріне ғашық. Өткен ғасырдың ортасында ел аралап жүріп мол мұра жинаған. Оның қорында Күләш Байсейітова, Жамал Омарова сынды көптеген қазақ әншілерінің алғаш таспаға түскен әндері де бар. «Нота арқылы туындының орындалу шеберлігін, әуеннің ырғағын, стилін жеткізу мүмкін емес», – дейді ол. Мына күйтабақ 1935 жылы шыққан екен. Онда «Кеңес» және «Балбырауын» күйлері жазылыпты.

Қарт профессор оңтайландыруға қарсы емес. Тек музейді республикалық кино, сурет және дыбыстық құжаттар мұрағатының бөлімі етуді сұрап отыр. Өйткені сирек дыбыстық жазбаларды сақтау талаптары да ерекше. Жинақтардың көпшілігі түпнұсқа. Ал фонотекамен жұмыс істейтін арнайы мамандар қажет.

Наум Шафер, өнертанушы, профессор:

– Менің туыстарымның ешқайсысы бұл коллекцияға көз тігіп отырған жоқ. Өзімнің есімімді сақтап, Наум Шафер музей үйі деп қалдырғым келіп те отырған жоқ. Өмір бойы жинаған коллекциямның келешегі алаңдатады. Сондықтан мемлекетке тапсырғым келеді. Алматыда кино, сурет және дыбыстық құжаттар сақталатын мемлекеттік мұрағат бар. Соның бөлімшесіне айналдырса дұрыс болар еді. 

Биылдан бастап Шафер музейі облыстық әдебиет жәнер өнер музейінің бір бөлімшесі ретінде тіркелді. Ал профессор әдіскер болып жұмысқа қабылдануы тиіс екен. Осы салаға жауапты мекеменің мұндай қадамға баруына нақты себеп бар. Жекеменшік коллекцияны мемлекеттен қаржыландыру заңға қайшы.

Гүлзира Баширова, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының м.а.

– 2001 жылдан бері Шафердің музей үйіне бюджеттен 110 млн теңге қаржы бөлінген. Ал 88 жастағы Шафер осы мекеме директорының орынбасары ретінде 18 жылда 24 млн. теңге көлемінде еңбекақы алыпты. Мемлекеттік органдар тарапынан болған тексеруден кейін бізге мемлекет есебінен жеке коллекцияны сақтауға болмайды-деген ұсыныс жасалды.

Павлодардағы күйтабақтар музейінің болашағы бұлыңғыр. Зиялы қауым араша сұрап Үкімет басшысына хат жазды. Ал жасы 90-ға таяған қарт профессор Наум Шафер бүгін өмір бойы жинаған коллекциясын мемлекетке аманат етемін деп ресми мәлімдеме жасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы