384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі дағдарыс орталығы қиындыққа душар болғандарды қабылдауға дайын

  • 403
  • UPD: 08:38, 20.01.2019

Ақтөбе облысында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол берген үш мыңнан астам азамат жауапкершілікке тартылды. Өңірде нәзік жандыларды қорғауға бағытталған шаралар үздіксіз жүргізіледі. Әйелдерге арналған дағдарыс орталығы да қиындыққа душар болған жандарды қабылдауға әзір.

Бетін бүркеп, әлі де болса көпшіліктің көзіне түсуден бас тартып жүрген мына жан бұл жерге жақындарының қудалауынан қашып келген. Шыдамның шегіне жеткен жайт – ағасының соққыға жығуы болыпты. Оң босағада отырып, нәресте сүйген ана әйелдерге арналған дағдарыс орталығында бас сауғалаған.

Дағдарыс орталығының тұрғыны:

- Мені ұрғаны соншалық, тіпті тірі қалғаныма таңым бар. Әрең дегенде полицейлерді шақырып, тиісті сараптамалар жасаттым. Мұрыным бұзылып, денемнің бәрі қанталаған. 11 қаңтар күні сот та болды. Бірақ оны тек 5 тәулікке ғана қамаққа алды.

Отбасының ойранын шығаратын азаматтар әдетте жұмыссыз, спирттік ішімдіктерге немесе есірткіге тәуелді келеді. Күйбең тірліктің ауыртпалығына төзбегендері бар өшін әлсіздерден алады. Сондықтан мұндай үйлерге тәртіп сақшылары жиі бас сұғады.

Гүлмира Асанова, қалалық №1 полиция бөлімінің аға инспекторы:

- Былтыр әйелдерга қатысты 21 қылмыс тіркелді. 2017 жылы бұл көрсеткіш 32 болатын. Оның ішінде 5-і денсаулыққа қасақана ауыр зақым тигізу фактісі. Соның салдарынан бір әйел көз жұмды. 14 қылмыстық іс - денсаулыққа орташа дәрежедегі зақым келтіру. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған іс-шара аясында учаскелік инспекторлар 3480 ұйғарым берді. 

Республикалық бюджет есебінен қаржыланатын орталықта зәбір көрген адам тегін өмір сүре алады. Былтырғы көктемнен бері бұл табалдырықтан 44 адам аттаған. Олардың тең жарымы балалар. Қазір де күйеуінен опық жеген 4 әйел бүлдіршіндерімен бірге орталықты паналауға мәжбүр.

Күлара Есенбаева, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтарды бейімдеу орталығының бөлім меңгерушісі:

- Біздерге келетін әйелдердің барлығы да қиын жағдайға душар болған жандар. Тіпті бірінші күндері сөйлей алмайтындары да кездеседі. Олармен міндетті түрде психологтар жұмыс істейді. Балаларға тәрбиешілер бар. Мүмкіндік болғанда жұмысқа орналастыруға тырысамыз.

Қазір бұл жерде тұратын 3 әйел жұмысқа орналасқан. Олардың балаларын орталықтың мамандары бағып жүр. Мұнда тағдыр тәлкегіне тап болған жандар жанына дауа тапқанша немесе жарты жылға дейін өмір сүрулеріне болады.

Авторлары: Мансұр Есқодин, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы