384.05 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының Іле ауданындағы әлеуметтік мәселелер шешімін тапты

  • 862
  • UPD: 15:24, 20.01.2019

Алматы облысындағы Іле ауданы Жетісу жеріндегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Дегенмен, әлі күнге дейін оң шешімін таппаған өзіндік түйткілдері де баршылық. Ауданда үш ауысымда бала оқытатын 13 мектеп бар. Алматыдай алып шаһардың іргесінде орналасқандықтан жол жағдайы мен тазалық мәселесіне де біршама сын айтылып жүр. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Іле ауданының орталығы жоңғар шапқыншылығы кезінде көзге түскен мүйізді Өтеген батырдың есімімен аталады. Бұған дейін аудан аумағында оның бір де бір ескерткіші болған емес. Қалталы азаматтардың арқасында міне мынандай еңселі ескерткіш бой көтерді. Әдетте көптеген ескерткіштерде батырдың қолында найзасы болатын еді. Сәулетші бұл жолы ондай шешімнен бас тартып, жорықтан қайтқан батыр бабамыздың алдынан жүгіріп шыққан баланы иығына қондырыпты. Ал баланың қолында бозторғайы бар. Ол дәл бүгінгідей қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманның осындай батыр бабаларымыздың арқасында орнағанын білдірсе керек.

Былтыр өзінің 90 жылдығын атап өткен Іле ауданында 10 ауылдық округ пен 31 елді мекен бар. Мұнда қыркүйек айында екі жаңа мектеп пайдалануға берілді. Алматы облысы бойынша үш ауысымда бала оқытатын 34 білім ошағы болса, соның 13-і осы ауданда.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

- Облыс көлемінде 7 мектепке жобалық-сметалық құжаттарына қаражат бөлінді. Бүгінгі күні өзіміздің бағдарламамызды қорғаған кезде облыс басшысы бізде 4 мектеп, екі қоспа мектептерге ғимараттар салу жоспарланған. Биыл осы мәселені қолға алып, қазір біз қаражаттарын жоспарлаудамыз.

Қазір Жетіген ауылындағы орта мектептердің бірін кеңейту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Ал аудан орталығы Өтеген батыр кентінде орналасқан Мұқағали Мақатаев атындағы №13 мектепте ақиық ақынның мұражайы жұмыс істеп тұр. Оның негізін Хан Тәңірінің мұзбалағына баланған Мұқағали ақынның досы Әбдіке Асанов қалаған.

Ғалия Надырбекова, Мұқағали мұражайының жетекшісі:

- Өзі тұтынған заттардың ішінен бұл кісінің енді қаншама өлеңдеріне әндер жазылған ғой. Патифон тыңдағанды жақсы көрген. Өзінің ұстаған патифоны, содан кейін мына ат әбзелдері қолымызға тиген, өзі тұтынған жәдігерлерден осылар қалды. Күнделікті мұражай жұмыс жасайды.

«Аудан бойынша балалардың балабақшамен қамтылу көрсеткіші 97 пайыз. Биыл оны 98,5 пайызға жеткіземіз», - дейді жергілікті атқарушы билік өкілдері. Іледе жалпы саны 121 мектепке дейінгі мекеме болса, соның 9-ы мемлекеттік, қалғаны жекеменшік. Тұрғындар жергілікті атқамінерлерден жол жағдайын жақсартып, тазалық жұмыстарына айрықша көңіл бөлуді сұрап отыр.

Ерболат Мұқанқожаев, Өтеген батыр кентінің тұрғыны:

- Бұл Алматының тұсында тұрғаннан кейін кішкене тазалық жағы қиындау. Сонда да әкімшіліктен көңіл бөліп тазалап жатыр. Бірақ көлік көп, жол қатынасы қиын. Болашақта жолды жасап, ретке келтіріп, тәртіп болса, бәрі жақсы болады деген ойдамыз.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

- Былтырғы жылы жол мәселесін айтсақ, 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Биылғы жылы да сондай жоспарларымыз бар. Орталық көше - Батталханов көшесі бар. Ауылды елді мекендерде 60-тан астам кіші-кірім көшелер бар. Себебі тек қана аудан орталығы ғана емес, әрбір ауылдық округтарда орталықтарын, ауылдардың жолдарын қалпына келтіру мәселесі биылғы жылы қолға алынып, соларды іске асырайық деген жоспарымыз бар.

Биыл аудандық мәдениет үйі мен бірқатар спорт нысандары салына бастайды. Санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына да жергілікті қазынадан қомақты қаржы қаралды. Қоянқұстағы қоқыс тастау полигонын тазалауға 174 млн, ал тазалыққа жауапты коммуналдық кәсіпорынды жаңа техникамен қамтамасыз етуге 300 миллион теңге бөлінген.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Тұргенбаев

Хабар 24 телеарнасы