383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда 114 көпқабатты үй қолданысқа берілмек

  • 1011
  • UPD: 21:50, 20.01.2019

Түркістан қаласында құрылыс қарқыны үдей түсті.

Жыл соңына дейін 114 көпқабатты үй қолданысқа берілмек. Сондай-ақ аумағы 220 гектарлық жаңа әкімшілік іскерлік орталығын тұрғызу жұмыстары да жалғасып жатыр. Аймақта атқарылып жатқан істің барысымен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин осы аптада арнайы барып танысты.

Елбасының жарлығымен Түркістан облысы құрылып, орталық Түркістанға көшірілгеннен кейін рухани шаһарда көп өзгерістер болды. Қазір киелі шаһар қайнаған құрылыстың орталығына айналды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы алаңында 1536 пәтерлі 26 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Бұл баспаналар алдағы наурыз айында пайдалануға беріледі. Одан бөлек «Түркістан – жаңа қала» тұрғын үй алабының құрылысы жүріп жатыр. Онда жалпы ауданы 200 мың шаршы метр болатын 2724 пәтерлі, 88 көпқабатты тұрғын үй бой көтереді.

Апта басында Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев бірінші вице-премьерге шаһардағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында салынып жатқан «Астана» алаңы, Конгресс орталығы мен оқушылар сарайының және 7 мың орынға шақталған стадион мен медиаорталықтың құрылыс жұмыстарын таныстырды. Жаңа нысандар 2020 жылдың соңында аяқталады. Одан кейін Асқар Ұзақбайұлы Түркістан қаласын дамыту бойынша өткен келелі кеңеске қатысты. Бас жоспар бойынша әкімшілік іскерлік-орталығы 7,7 гектар аумаққа салынады. Өңір басшысы қазір онда облыс әкімшілігі, басқармалар мен аумақтық департаменттер үйінің ғимараттарының құрылысы жүріп жатқанын баяндады.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:

- Осы ауданда 900 орындық мектептің құрылысы басталып кетті. Оны жылдың аяғына дейін бітіреміз. Әкімшіліктің, департаменттер мен басқармалар үйінің құрылысы басталып кетті. Әкімшілік ғимараты биыл бітеді. Қалған екі ғимарат келесі жылы беріледі.

Жиын соңында Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Түркістан қаласында 2019-2021 жылдар аралығында құны 525 млрд теңге болатын 200-ден астам нысан бой көтеретінін айтты. Сондай-ақ жоспарланған нысандардың құрылысын уақытында бастап, межелі мерзімде тапсыру керектігін ескертті.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:

- Ендігі кезекте қалған нысандардың құрылысын тездетіп бастау керек. Бүгіннен бастап құрылыс барысы жеке бақылауда болады. Тиісті облыс әкімдіктері мен компаниялардың жұмысын қамтамасыз ету талап етіледі. Біз Елбасының тапсырмаларын орындау мақсатында қарқынды жұмыс істеуіміз керек.

Түркістанда мемлекет мұқтаждығы үшін бұзылатын үйлердің иесі баспанасыз қалмайды. Тұрғындарға баспанасы үшін нарықтағы бағамен өтемақы төленіп жатыр. Үй саламын деушілерге қала әкімдігі шаһардан қажетті жер телімін де қарастырып қойған. Ал бағалау жұмыстарымен келіспегендердің ісі сотқа жолданды. Бүгінге дейін 91 нысанның иесі меншігін бұзуға келісім берген. 17 үй сүріліп, орны тегістелді. 40 азамат бағалау жұмыстарымен келіспей отырса, қалған 30 нысанның иесімен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ал Бибіныса Бахрамова шаһардың  гүлденуі үшін берілген өтемақыға келісіп, баспанасын босатып берген.

Бибіныса Бахромова, қала тұрғыны:

- Түркістан гүлдене берсін деп ризашылығымызбен босатып бердік. Құрылыс жүреді деп бұзып жатыр. Бәріне ризамыз, өз басым қуанып жатырмын. Елбасымыз айтқандай қала болатын болса, неге қуанбасқа.

Сондай-ақ қала әкімдігі баспанасын бұзуға келісім берген тұрғындарға көмек ретінде шаһардағы сатылатын 300-ге жуық үйдің тізімін жасаған. Тиісті өтемақысын алған азаматтар қажетті баспанасын сатып алып жатыр.

Әліпбек Өсербаев, Түркістан қаласының әкімі:

- 171 нысанның бәрін бірден бұзып тастайын деп отырған жоқпыз. Бірінші кезекте салынатын құрылыс нысандарының орнын, одан кейін рет-ретімен қандай нысан түседі, соған байланысты біз босата береміз.

Мемлекет меншігіне алынған «Рухани-мәдени» аймаққа 8 нысан салынады. Олар: «Ұлы дала елі» орталығы, Амфитеатр, Сауда орталығы, Шығыс моншасы, Субұрқақтар алаңы мен Түркі халықтарының ғылыми кітапханасы және Қожа Ахмет Ясауи мұражайы мен орталығы. Бүгінге дейін бірнеше нысанның түсетін орны анықталды. Қажетті құжаттары құрылыс жүргізетін мекемеге рәсімдеп берілген.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы