384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы асылтұқымды ешкі фермасы өндіріс ауқымын кеңейтті

  • 1382
  • UPD: 23:43, 21.01.2019

Атырау облысында еліміздегі ең ірі ешкі фермасы жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір онда 1200 бас сексек ата тұқымы бар. Заманауи озық технологияға негізделген шаруашылық ешкі сүтінен он бес түрлі өнім алады. Жүздеген адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған сан-салалы шаруашылықты жас кәсіпкер Тамила Розметова басқарады. Фермер қыз сүт бағытындағы республикалық ешкі шаруашылығы палатасына да жетекшілік етеді. Оған қоса, ол ешкі сүтінен алынатын жаңа өнімдердің авторы.

Қаймақ пен балқытылған сырдың жаңа түрлері, сүт пен айран, сүзбе мен құрт және емдік сарысу-ешкі сүтінен барлығы 15-тен астам өнім алынады. Бұл - Махамбет ауданы Сарайшық ауылындағы шаруашылық дайындайтын тағам түрлері. Одан өзге мұнда өткен жылдан балмұздақ дайындалатын болады. Шаруашылықта шығарылатын әрбір өнімде жас фермердің өзіндік қолтаңбасы бар.

Тамила Розметова, асылтұқымды мал шаруашылығының бас директоры:

- Сыр немесе балқытылған сүт өндіру аса талғампаздық пен өз ісіне сүйіспеншілікпен қарауды талап етеді. Әсіресе, қол еңбегі көп қажет. Негізгі қалыбына келтіру үшін біз 24 сағат бойына әр өнімді қолмен аударыстырып отырамыз. Ал негізгі өнім тек 21 тәуліктен кейін ғана дайын болады.

Жас болса да, 120 адам еңбек ететін ұжымды басқарып отырған жас маман өз кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген. Бұған қоса, ол еліміздегі сүт бағытындағы ешкі шаруашылығы палатасына да жетекшілік етеді. Оның шаруашылығы тек мұнайлы өңірге ғана емес, елімізге де кеңінен таныс. Атыраудағы ешкі фермасы алдыңғылардың бірі боп, цифрлық жүйеге көшкен. Мұндағы мал компьютерлік бағдарлама арқылы бақылауда ұсталады.

Эрнест Шеффер, шаруашылық бағдарламашысы:

Сауын ешкіге бекітілген микрочип арқылы біз оның қанша сүт беретінін, денсаулығын, болмаса ағзасындағы қандай да ауытқушылықты бақылап отырамыз. Бұл - өнімнің сапасын ғана емес, малдың саулығын да бақылауға мүмкіндік береді

Тамиланың әр күні ферманы аралап, малдың жай-күйін бақылаудан басталады. Арасында әлеуметтік желі арқылы отандық және шетелдік әріптестерімен пікір алмасады.

Тамила Розметова, асылтұқымды мал шаруашылығының бас директоры:

- Біз әлеуметтік желі арқылы тәжірибе алмасамыз. Осы жақында ғана малға берілетін жем құрамын өзгерту арқылы өнім сапасын арттырудың сырына қанықтым. Олармен өзім ойлап шығарған балқытылған сүттің жаңа түрлері туралы ойымды бөлістім

Сапалы өнім мен өз тауарын ұсынудың сауатты маркетингі фермаға нарықтан өз орнын алуға мүмкіндік берді. Бүгінде облыста ешкі сүтінен жасалған өнімдерге сұраныс артты.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы