389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы Іле ауданында 21 кәсіпорын ашылды

  • 1208
  • UPD: 10:32, 22.01.2019

Іле – Алматы облысындағы бюджеттік түсімдердің 56,8 пайызын беріп отырған іргелі ауданның бірі.

Өйткені мұнда ірі өндіріс ошақтары көптеп шоғырланған. Ауданда өткен бір жылдың ішінде 21 кәсіпорын құрылып, 550 адам жұмыспен қамтылды. Жаңадан ашылған нысандарда біздің арнаның түсіру тобы да болып қайтты.

Іле ауданындағы жаңадан ашылған кәсіпкерлік нысандарының бірі – дайын тағам түрлерін өндіретін комбинат. Оны іске қосуға 350 миллион теңге инвестиция құйылды. Мұнда тәулігіне 3 мың тоннадай жартылай фабрикат өндіріледі. Комбинат 100 адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Әлия Иембергенова, цех бригадирі:

- Таза ет, май, пиязын қосып, қолмен бүккен машинкаға қарағанда дәмді болады. Кәдімгі үйде қалай бүгеміз, солай шығарып жатырмыз. Жұмысымыз өзімізге ұнайды. Жалақымыз уақытында беріліп жатыр.

Елена Бондарчук, цех меңгерушісі:

- Өндіріс барысында тек қана табиғи өнімдерді пайдаланамыз. Ет пен бау-бақша өнімдерін жергілікті шаруашылықтардан аламыз. Бұл мақсатта аудандағы бірқатар қожалықпен келісімшарт жасастық. Химиялық қоспа қоспаймыз. Болашақта халал стандарты бойынша жұмыс істейтін боламыз.

Дайын тағамның 15 түрін шығаратын бұл кәсіпорын Финляндия, Италия, Корея мен Ресейдің соңғы үлгідегі өндірістік кешендерімен жабдықталған. Комбинаттың аумағы – 800 шаршы метр. Ал неміс технологиясы бойынша жұмыс істейтін сорғы станцияларын құрастыратын кәсіпорынға 2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Зауыттың іске қосылуына байланысты 55 жаңа жұмыс орны ашылды. Мұнда жыл сайын 600-ге жуық сорғы станциясы құрастырылады.

Ғания Әркенова, кәсіпорынның маркетинг жөніндегі менеджері:

- Негізінде біздің компания 20 жыл бойы Қазақстандағы өкілдік болып келген. Біздің неміс басшыларымыз 4 миллион еуро құйып, осы өндірісті ашып отыр. Қазақстанға, Орталық Азия мен Кавказға арнайы экспортқа бағытталған мекеме.

Зауыт ашылған жарты жылдың ішінде 50-ге жуық сорғы шығарылған. Мұндай станцияның әрбірі шашамен 4 миллион теңге тұрады. Ал оны Германиядан құрастырылған күйінде алып келсе, бағасы 4-5 есеге дейін өсіп кетеді. «Бізге соңғы кездері еліміздегі ұлттық компаниялардан тапсырыс көптеп түсе бастады. Сондықтан жұмысымыздың алға басатынына сенімдіміз», – дейді зауыттағылар.

Бағдат Қарасаев, Іле ауданының әкімі:

- 21 жаңа кәсіпорын іске қосылды. 2018 жылы 550-дей жаңа жұмыс орны ашылды. 2019 жылға жоспарларымыз бар. 6-7 кәсіпорынды кеңейту, 21 жұмыс орнын, кәсіпорындарын ашу, 610 жаңа жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Жалпы былтырғы жылы барлық салада 2600-дей жұмыс орны ашылды. 

Іле ауданында жалпы саны 258 орташа, ірі және шағын кәсіпорын бар. Кәсіпкерлік саласында 32 мыңнан астам халық жұмыс істейді. Ауданның өнеркәсіп саласы өткен жылы 298 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұл облыс көрсеткішінің 33,3 пайызы. Соның арқасында қазынаға 114 миллиард теңге құйылды. Ал өткен жылы ауданға 70 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы