427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана әкімі кәріздердің ашық қалуына қатысты ескерту жасады

  • 1143
  • UPD: 14:08, 22.01.2019

Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қаладағы кәріздердің ашық қалуына және құдық қақпақтарының ұрлануына қатысты тиісті мекеме басшыларына соңғы ескерту жасады.

Сын садағына шаһардағы аудан әкімдерінің орынбасарлары, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту, отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық, көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармаларының басшылары ілінді. Сұлтанов мәселе жақын арада шешілмесе, жауапты тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсыратынын айтты.

Айта кетейік, бүгін қалалық әкімдікте аппараттық кеңес өтіп, аудан әкімдері мен басқарма басшыларының есебі тыңдалды. Бақыт Сұлтанов металл қабылдау бекеттерінің қызметіне тосқауыл қойып, құдық қақпақтары мен басқа да темір құрылғыларды ұрлауға қатысты проблеманы тездетіп шешу керектігін алға тартты.

Бақыт Сұлтанов, Астана қаласының әкімі:

- Ашық құдықтарға қатысты жұмыс мәселесін түйіндей келе, қатардағы жұмыскерлермен қоса, олардың жетекшілерінің де тапсырмаға немқұрайлы қарағандығын көріп отырмын. Аудан әкімдерінің жауапты орынбасарлары мен басқарма басшыларының орынбасарларына ескертуді соңғы рет жасап отырмын.

Хабар 24 телеарнасы