386,20 429,31 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейлік жас ақын Жастар жылынан жаңашылдық күтеді

  • 1360
  • UPD: 21:26, 22.01.2019

«Бала күннен тартып мінсең ат жалын, онда сенің көкірегің от жалын». Төлеген Айбергеновтың осы бір жыр жолдары семейлік жас ақын Мерей Қарттың болмысын ашатындай.

Тарбағатай тауының етегіндегі Үштөбе ауылында туып өскен Мерей Қарт алғашқы өлеңдерін туған жер, табиғат, жылқы тақырыптарына арнады. «Алтын тобылғы» әдеби байқауының гран-при жүлдегері, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері биылғы жастар жылынан зор үміт күтеді, өзі де жыр жинағын шығаруды жоспарлап отыр.

Бала кезден ата мен әже тәрбиесін көрген Мерей көне дастандар мен батырлар жырын ұйып тыңдапты. Ауылдағы тұмса табиғат, сылдырлаған бұлақ, шулаған шидің өзі шабытына қанат бітіріп поэзия әлеміне есік ашқызған. «Әсіресе жылқы десе делебем қозып, дегбірім қашады», – дейді жас ақын.

Мерей Қарт, жас ақын:

– «Керқұла атты Кендебай», «Қобыландының Тайбурылы», «Ақанның Құлагері» тақырыптары мені қатты қызықтыратын. Осы тақырыптар мені поэзияға, өлең өлкесіне әкелді. Қанжығам құтты қайыстан, Шыңдалғам көкпар сайыстан. Бес жастан шауып бәйгеге, Жанарымнан жасыл жай ұшқан. Қамшым да қызыл тобылғы, Соққызба тағдыр санымды. Келер ғасырға аттандым, Оңғарса Тәңір жолымды.

Бүгінде Семейдегі Абай театрының әдеби бөліміне жетекшілік ететін Мерей қашанда аға ұрпақтың ақылын тыңдап, батасын алуға тырысады. Әрбір өлеңі мен жүректен шыққан жырлары көпшіліктің жоғары бағасын алып келеді.

Құсмилия Нұрқасым, мәдениеттанушы:

– Семейде 30-40 ақын бар, қазақ поэзиясының болашақ жұлдыздары деп ойлаймын. Соның бірі – Мерей. Далалық поэзия, ұлттық колорит. Әрбір сөзі көркем, ойға құрылған. Міне, осында ерекшелігі деп ойлаймын.

Бүгінге дейін Мерейдің «Қамшы», «Есімің сенің» атты жыр жинақтары жарық көрген. Жас ақынның ендігі мақсаты – қазақ даласындағы тарихта қалған сәйгүліктер мен тұлпарлар туралы поэма жазу. «Жастар жылы – еліміздегі жас буынның қанатын бекітіп, шабытын шыңдап жемісті боларына сенімдімін», – дейді дарынды жас. 

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы