387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арал тұрғындары «Қызылорда – Жезқазған - Астана» бағытындағы пойыз вагондарын көбейтуді сұрап отыр

  • 1200
  • UPD: 20:50, 22.01.2019

«Қызылорда – Жезқазған - Астана» бағытында қатынайтын пойыздың жиілігін және кестесін жолаушылар үшін ыңғайлы етіп жасау керек». Арал ауданы тұрғындарының бұл мәселені көтергеніне көп болды.

Құзырлы органдарға да мән-жайды түсіндіріп, бірнеше мәрте хат жолдаған. Бірақ нәтиже жоқ.

«Қызылорда – Жезқазған - Астана» пойызына жиі мінетін жолаушылардың бірі – Рашид Қосанов. Ол тұратын Бекбауыл елді мекені «Батыс Еуропа-Батыс-Қытай» автокөлік дәлізінен тым шалғай орналасқан. Сондықтан облыс орталығына немесе Астанаға осы пойызбен қатынайды. Алайда вагондары жетеуден аспайтын әрі аптасына 3 мәрте ғана жолға шығатын пойыздан орын табудың өзі мұң екенін айтады ол.

Рашид Қосанов, Бекбауыл ауылының тұрғыны:

– Аптасына 2-3 рет жүреді. Мүмкіндік болса күнде жүргені жақсы еді. Тағы 5-6 вагонды тіркеп жіберсе де, артық емес. Вагон бос болмайды, ішінде ине шаншар орын жоқ.

2015 жылы «Жезқазған-Бейнеу» теміржолының құрылысы аяқталғаннан кейін Сыр бойы мен Сарыарқаның байланысы ширай түскені белгілі. Қарақұмды қақ жарып өткен шойын жолмен әзірге 3 облысты бойлай өтетін «Қызылорда – Жезқазған - Астана» пойызы ғана қатынайды. Сондықтан жолаушылар бұл пойыздың әлеуметтік маңызы жоғары екенін айтады.

Сәуле Өтәлиева, Арал қаласының тұрғыны:

– Жалғыз менің тілегім емес, бұл – халықтың тілегі. Пойыздың вагонын көбейтсе екен, сосын жылдамдығын көбейтсе жақсы болар еді.

Түйіні тарқамай тұрған түйткілге қатысты жолаушылар тасымалына жауапты серіктестік өкілдерінің түсініктемесін де тыңдадық.

Жеңісбек Әбдікәрімов, жолаушылар тасымалдаушы серіктестіктің өкілі:

– Серіктестік жолаушылар үшін барлық жағдайды жасап, осы кестенің ыңғайлы, жайлы болуы үшін бар күш-жігерін салуда. Бірақ бұл кестені серіктестік пен акционерлік қоғам «Қазақстан темір жолының» арасындағы келісімшартқа сәйкес пойыздардың кестесін, тасымалдаушының өтінішін қарастырып, сол бойынша әзірлеп, бекітілу керек болатын. Бірақ бұл шарттың талабы орындалмай отырған жайы бар.

Қалай дегенмен, өңір тұрғындары аталған пойызға қатысты негізгі 3 мәселенің шешімі табылса дейді. Ол – пойыздың күнара қатынауы, ыңғайлы уақыт кестесімен жүруі әрі вагондар санын көбейту.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы