384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Көкшетауда алғаш рет жастарға арналған газет шықты

  • 1030
  • UPD: 11:07, 23.01.2019

Көкшетауда алғаш рет жастар газеті жарық көрді. «Жастар үні» атты басылым Жастар жылына орай арнайы шығарылып отыр. Ал жақында облыс орталығында Жастар театры ашылмақ. Одан бөлек, биыл аймақта келелі іс-шаралар да ұйымдастырылады, деп хабарлайды «Хабар 24» арнасының тілшісі.

«Жастар үні» басылымы әзірге айына бір рет облыстық «Арқа ажары» газетінің қосымшасы ретінде шығарылады. Аталған үнпарақтың 7 мың таралымы бар. Жастар газеті тек өнерде ғана емес, білім мен тың технологияларды меңгерген өскелең ұрпақтың жетістіктерін жариялауға басымдылық бермек.

Жабал Ерғалиев, облыстық «Жастар үні» газетінің жауапты шығарушысы:

- Бұрын енді бір бала жақсы ән айтса, әнші баланы, ақын баланы насихаттап келдік қой. Әрине, оны да насихаттаймыз. Енді қазір біз мына шетелдік конкурстарда IT технология бойынша, түрлі пәндер бойынша олимпиадалық, әлемдік үздік жетістіктерге жетіп жатқан балалар көбейіп келе жатыр. Біз енді соларды іздеп, соларды насихаттау арқылы жастарымызды сол ғылым мен білімге қарай бейімдеу мақсатын ұстанып отырмыз. 

Жастар театры қазір өздерінің алғашқы қойылымдарына дайындық үстінде. Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің үздік студенттерінен құралған ұжым наурыз айында көкшеліктерді тың туындымен қуантпақ. Театрдың ашылуына аймақтың белсенді жастары себепкер болған.

Фархадбек Қанафин, жастар театрының көркемдік жетекшісі:

- Башқұрт жазушысы Айгис Баймухамедовтің шығармасы бойынша Ангиза Ешпудина деген башқұрт драматург қызының жазған «Асыл арман» пьесасы. Бұл пьесаны қазақ тіліне өзім аудардым орыс тілінен. Бұл пьесаға жұмысты бастадық. Рөлдерді бөлдік. Осы «Асыл арман» негізі жетімдер үйіндегі оқиға. Яғни, жетімдер проблемасы қамтылады.

Биыл аймақта жастар жылының аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Мәселен, жақында қазақ тілін тегін үйрететін тіл марафоны өткізілмек. Одан бөлек, жас ақындар айтысы, онлайн-мүшәйра секілді шаралар өткізіледі. Ең бастысы, әрі қызықтысы ел көлемінде сал-серілік дәстүр жаңғыртылмақ. 

Мерген Тоқсанбай, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Қазақ аттан түспеген халық қой. Бүкіл өнерлі жастарды жинап алып, Елбасының «Рухани жаңғыруын», «Ұлы даланың 7 қырын», атқа міну мәдениетін соның бәрін насихаттап, кілең жастармен республикалық бір акция бастайық деп тұрмыз. Бурабайдан шығып, Ботайға барамыз. Ботай елді мекені ол қазір Солтүстік Қазақстанға қарайды. Солтүстік Қазақстандағы біздің әріптестер біздің эстафетаны алып, сол өздерінің жас ақын-әншілерімен Қостанайға, Қостанай Ақтөбеге ары қарай алып кетеді де, осы күзде біз Павлодар облысынан күтіп алайық деп тұрмыз.

Айта кету керек, бүгінде Ақмола облысында 150 мыңнан астам жас бар. Олардың Жастар жылынан күтері көп.

Хабар 24 телеарнасы