384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздік алу бар, тәуелсіздікті қорғай білу бар

  • 797
  • UPD: 13:42, 23.01.2019
Нұрсұлтан Назарбаев: Тәуелсіздік алу бар, тәуелсіздікті қорғай білу бар

Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен ресми түрде Жастар жылының ашылу салтанаты өтті.

Еліміздің маңдайалды жастарының алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы әлеуметтік жауапкершіліктің маңызына тоқталып, сондай-ақ жас буынға үлкенге құрмет көрсетіп, бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің қадірін түсініп, қорғай білу олардың ұрпақтық парызы екеніне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік деген және қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру деген негізгі міндет. Себебі оның бәрі өздеріңнің болашақтарың сақтап қалу. Әсіресе үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерді дарытудың маңызы зор. Бізде ата-бабамыздан қалған салтымыз бар. Кішілер үлкенді сыйлайды, ерлер әйелдерді сыйлайды. Батысқа ілесеміз деп, демократ боламыз деп олардың барлығын ұмытып кетуіміздің ешқандай жағдайымыз жоқ. Мен Қарттар үйіне барғанда қазақтың қариялары, шалдары мен кемпірлері отырғанда қабырғам қайысады. Қазақта ондай болған жоқ. Әкесін, қартайған шешесін үйінде ұстайтын. Кіші баласы «отау иесі» неге айтқан ол кезде? Баласын жетімдер үйіне беру қазақта болған жоқ. Қазақстанда ондай жетімдер үйі болмау керек. Жетімдер үйіндегі балаларды асырап алу керек. Ол – адамға да, Аллаға да жағатын нәрсе. Қазір жассыңдар. Өмір шексіз болып көрінеді. Зу етіп өтіп кеткенін білмей қаласыңдар. Сондықтан бір мамандықты алып, соны түбіне дейін жеткізіп, сол мамандықтың қызығын көру керек. Басқаға уақытың жетпейді. Бізде үйлерінде жалғыз отырған қариялар бар. Ешкімі жоқ. Солардың тізімін алып, анда-санда бір барып, қалын біліп, батасын алсаң, бәрімізге жақсы емес пе? Волонтерлардың жұмысы сол болады. Тәуелсіздік алу бар, тәуелсіздікті қорғай білу бар. Оның бәрі сендердің, жастардың мойнында. Біз тәуелсіздікті орнаттық, қолдарыңа бердік, ары қарай ұстап қалу сендердің мойныңда.

Айта кетейік, форумға Үкімет мүшелері, ел Парламентінің депутаттары, жергілікті атқарушы органдар басшылары, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты кеңесінің мүшелері, «100 жаңа есім» байқауының жеңімпаздары, «Болашақ» бағдарламасының түлектері, жас ғалымдар қатысты. Қоғамның әр саласында табысты еңбек етіп жүрген Тәуелсіздігіміздің  ұрпақтары Елбасы мен елі алдында өз жетістіктерімен бөлісіп, ұсыныс-тілектерін білдірді.

Хабар 24 телеарнасы