387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағандылық ғалымдар көмір шайырынан жанар-жағармай алудың жолын ойлап тапты

  • 752
  • UPD: 08:13, 24.01.2019

Металлургиялық кокс өндірісінде пайда болатын көмір шайырын кәдеге жаратуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қарағанды мемлекеттік университетінің ғалымдары бұл қалдықтан жанар-жағармай алудың жолын ойлап тапты. Енді өнертабысты патенттеп, өндіріске енгізу керек.

Көмір шайырынан жанар-жағармай мен түрлі химиялық заттар алуға болады. Бұл – Қазақстан мен Қытай ғалымдарының бірлескен жобасы. Қарағандылық химиктер жанармайды үлкен көлемде өндіретін катализатор ойлап тапты.

Мырзабек Байкенов, Е.Бөкетов атындағы қарму химия факультетінің кафедра меңгерушісі:

– Біздің катализатордың көмегімен көмір шайырынан жанар-жағармайды молынан алуға болады. Жаңа технология өндірісті 3 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Келешекте шайырдан авиациялық және реактивті отын алуды да көздеп отырмыз.

Жаңа технология қазір университет зертханасында мұқият зерттеліп жатыр. Ол үшін түрлі реакторлар, қондырғылар жасалған. Мәселен, «ақылды машина» көмір шайырынан фракцияны оп-оңай бөліп алады.   

Алма Тәтеева, Е.Бөкетов атындағы қарму химия факультетінің профессоры:

– Көмір шайырын өңдеу мақсаты – сұйық фракцияларды алу. Сұйық фракцияларды әр түрлі әдістермен аламыз. Оның ішінде гравитациялық әдістер де бар, катализаторларды да қолданамыз. Бұл катализаторлар осы факультетте синтезделді.

Бірлескен жобаның тағы бір жаңалығы – ғалымдар отандық мұнай өңдеу зауыттарына жаңа шикізат ойлап тапты. Қазір Батыс Қазақстан облысында өндіріліп жатқан мұнайдың құрамы күрделі болғандықтан, оны жергілікті зауыттарда өңдеу мүмкін болмай тұр. Ал қарағандылық өнертапқыштардың технологиясы мұнайдың тығыздығын төмендетіп, құрамындағы ауыр металдарды бөліп алуға мүмкіндік береді. Осылайша қара алтынды қазақстандық кәсіпорындарда өңдеуге болады. Жаңа жоба Қытайдың Синьцзян университетінде тағы бір зерттелмек. Тек содан кейін ғана өндіріске енгізіледі.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков

Хабар 24 телеарнасы