429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық студенттер әлемдік бестселлерлерден онлайн түрде дәріс ала алады

  • 1491
  • UPD: 12:17, 24.01.2019

«100 жаңа оқулық» жобасы жаңаша бағыт алмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді «Астана ашық университеті порталы» негізінде заманауи әрі үздік оқулықтардың дәрісі онлайн түрде өткізілетін болады.

Келешек білімді әрі зерек ұрпақтың қолында. Жаһандану дәуірінде дәстүрлі білім беру жүйесі анағұрлым түрленіп, жүйеленеді. Қазір қазақстандық білімгерлер Кеңес дәуірінен қалған ескі оқулықтарды емес, заманауи, әлемнің үздік бестселлерлерін оқиды. Қазақ тілінде. Бүгінде «Жүз жаңа оқулықтың» 18-і студенттер үшін қолжетімді. Тағы 30-ы баспаға әзірленуде.

Сәкен Сыбанбай, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ редакторы:

– Бұл кітаптың саны – 30. Алғашқы лектен едәуір қомақты. Ұлттық аударма бюросының қызметі тәжірибесінде жинақталған. Жұмыс сапасы жоғары. 2019 жылдың көктеміне қарай жұмыс бітеді.

Экономика, әлеуметтану, тіл білімі, философия. Аударылған 48 кітапта қамтылған бағыттар сан түрлі.

Сәкен Сыбанбай, «Ұлттық аударма бюросы» ҚҚ редакторы:

– Бұл кітаптың ішінде де сан түрлі салалар қамтылған. Мен айтып отырған британдық философ Энтони Кендидің 18 кітапта 1,2 томы аударылса, 30 кітапта 3-4 томдықтары бар. Орыс тіліндегі нұсқасы жоқ. Олар орыс тіліне аударылмаған.

Онлайн курс, қашықтықтан оқыту үрдісі – бұл бүгінгі студенттердің заман көшіне ілесе отырып, еңбек етуіне, белгілі бір дәрежеге жетуіне серпін берер мүмкіндік. Мамандықтардың түр-түрі шығып жатыр. Маңызы артқандары да қаншама.

Гүлмира Бекманова, оқытушы:

– Қазір көптеген мамандықтың маңызы жойылып барады. Бірақ заман талабына сай IT сала өкілдерін көптеп дайындауымыз керек. Біз оқыту бағдарламасында кәсіпорындардағы ақпараттық қауіпсіздікке жауапты кадрларды дайындауды қолға алмақпыз. Осы ретте онлайн курстар, онлайн дәрістердің берері мол.

Айтпақшы, «Жүз жаңа оқулық» жобасы аясында қазақстандық студенттер қазақша әлемдік бестселлерлерден онлайн түрде дәріс ала алады. Мүмкіндік «Астана ашық университеті» порталында қарастырылған.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы