423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысындағы күн электр станциясы қанша қаланы тоқ көзімен қамтамасыз етеді?

  • 1978
  • UPD: 14:06, 24.01.2019

Қарағанды облысында іске қосылған күн электр станциясы қанша қаланы тоқ көзімен қамтамасыз ете алады?

Қарағанды облысының Саран қаласында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясы іске қосылды. 162 гектар аумаққа 307 мың күн панелі қойылған. Барлығы автоматты түрде жұмыс істейді. Қуаты 100 мегаваттық станция келешекте қанша қаланы тоқ көзімен қамтамасыз ете алады?

Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясын салуға 140 миллион доллар қаржы құйылған. Инвесторлардың жобаны дәл осы Саран қаласында жүзеге асыруына қолайлы климаттық жағдай себеп болыпты.

Ардақ Асылханұлы, тілші:

– Аумағы 162 гектарды алып жатқан күн панельдері жылына 100 мегаватт электр қуатын өндіре алады. «Бұл 50 мыңнан астам тұрғыны бар Саран секілді 10 қаланы тоқ көзімен қамтамасыз етуге жеткілікті», – дейді мамандар.

Ат шаптырым аумаққа 307 мың күн панелі қойылған. Сонымен қатар 20 қосалқы станция салыныпты. Мамандардың айтуынша, оның кепілдік мерзімі – 40 жыл. Мұндағы жұмыстың барлығы автоматты түрде атқарылады. Сондықтан еңбекшілер саны да шектеулі, бар болғаны – 7 адам.

Евгений Гребенников, компанияның бас директоры:

– Күн панельдерін үнемі тазалап отырудың қажеті жоқ. Қар тұрмайды, қызған кезде еріп кетеді. Ал жаз айларында шаң-тозаңды жаңбыр шаяды.

Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 2023 жылға дейін елімізде баламалы қуат көзін өндіретін 30-дан астам жоба іске аспақ. Онда жылына 3 мың мегаватт тоқ көзі өндірілетін болады.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Биыл қаңтар айына Қазақстанда 67 баламалы энергия көздері станцияларының құрылысы аяқталды. Жалпы оның қуаттылығы 510 мегаватт құрап отыр. 2019 жылдың соңына дейін осы қуат екі есеге өседі деп күтілуде.

Айта кету керек, алдағы жылы Қарағанды өңірінде баламалы қуат көзін өндіретін 4 бірдей ірі жоба қолға алынбақ. Бүгін облыс әкімдігінде бұл жұмысты жүзеге асыратын инвесторлармен екіжақты келісімге қол қойылды. Шетелдік компаниялар өңірде жасыл технологияны дамыту үшін 500 миллион доллар қаржы құюға ниетті.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы