384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ертіс өңірінің өзен-көлдерінде балықтарды құтқару шаралары басталды

  • 743
  • UPD: 22:19, 24.01.2019

Табиғатты қорғау мекемелері қалың мұз басқан шағын су тоғандарында ұңғымалар қазуда, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мақсат - балықтарға қосымша ауа жеткізу. Өйтпесе, су маржандары тұншығып қалуы мүмкін.

Бұл – Ертіс өзенінің Усолка атты саласының аумағындағы Хамутинка тоғаны. Қазіргі уақытта негізгі арнадан оқшауланып қалған. Мұздың қалыңдығы 60 см-ге жетеді. Сондықтан балықтар тұншығып қалуы әбден мүмкін.

Павлодар облысында ірілі-ұсақты 200-ден астам су айдыны бар. Олардың қатарында Ертіс өзенінен оқшауланып қалған осындай көлшіктер көп. Балықтарды қырылудан құтқарып, сонымен қатар оларға ауа жеткізу мақсатында осындай ұңғымалар қазылады.

Облыс аумағында жеке табиғат пайдаланушыларының қарамағындағы 59 тұщы су тоғаны бар. Жеке кәсіпкерлер де балық қорын сақтау мақсатында осы тектес шараларды қолға алған.

Ернар Шакеев, облыстық жер қойнауын пайдалану басқармасының бөлім басшысы:

Бұл көл айдыны қатады. «Зашнурованный водоем» деп орысша айтамыз. Қататын су, Ертіспен бірге қосалқы ақпайды, қатады. Содан кейін бұған ауа жетпейтін кездері болады. Соған байланысты атқарылған шара. Қазір қамыс толтырамыз.

Сала мамандарының айтуынша, соңғы онжылдықта Ертіс өңірінің су айдындарында балық қоры айтарлықтай азайған. Аймақтағы ірілі-ұсақты су тоғандарында сазан, тұқы, көксерке сияқты 30-ға жуық балық түрі тіршілік етеді. Сондықтан осы тектес шаралар аса маңызды.

Серік Апсалиқов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының инспекторы:

- Су аудандарындағы балық қорын сақтау шаралары жыл бойы жүргізіледі. Бұл іске облыстағы табиғат пайдаланушылары атсалысуда. Олар қыста осы тектес, ал күзде майшабақтарды құтқару акцияларын өткізеді. Ал жазда майшабақтарды су тоғандарына жібереді.

Айта кетейік, Жастар жылы аясында жас буын өкілдері экологиялық бағыттағы шараларды күшейтпек. Солардың бірі – «Жасыл патруль» акциясы. Жастар балықтарды өлімнен құтқару жолында сала мамандарына көмек көрсетпек. Алдағы уақытта осындай құтқару операциялары  өзге оқшауланған тоғандарда да қолға алынады.

Асқар Тыныбаев, Жастар бастамаларын дамыту орталығы директорының орынбасары:

- Елбасы айтқандай, Отанды сүю – біздің парызымыз. Біз бірінші шара өткізіп жатырмыз. Оған біз балықты құтқару, жануарлар әлемін құтқару, тазалыққа байланысы іс-шаралар жоспарладық.

Жастар жылы аясында өңір жастарының мұрындық болуымен халықаралық және республикалық деңгейде 500-ге жуық шара ұйымдастырылмақ. Олардың басым бөлігі жас буын өкілдерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталмақ.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы