384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда үнемді шамдар шығаратын зауыт салынады

  • 708
  • UPD: 14:12, 25.01.2019
Түркістанда үнемді шамдар шығаратын зауыт салынады inform.kz

Түркістанда тағы бір зауыттың іргетасы қаланды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жолы облыс билігі қытайлық компаниямен келісім жасап, үнемді шамдар шығаратын кәсіпорынның қазығын қақты. Аталған жобаны аспан асты елінің «Tai-Tur Energy серіктестігі жүзеге асыратын болады. Кәсіпорын қаладағы индустриалды аймақта салынады. Ол үшін инфрақұрылым жүйесі тартылған 5 гектар жер бөлінген. Қытайлық мамандар «құрылыс жұмысын үш жылдың ішінде толық бітіреміз», – дейді. Мақсат жүзеге асса, өңірдің өндірістік әлеуеті айтарлықтай артатын болады. Өйткені жаңа жоба «Орталық Азияда теңдессіз кәсіпорын» деп бағаланып отыр. Жобаның жалпы құны – 200 млн АҚШ доллары. Қаржы шетелдік компания тарапынан салынады. Кеткен шығын 10 жылдың көлемінде қайтарылады. Зауыт толық аяқталып, іске қосылған кезде 1500 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазір шетелдік компания мен облыс әкімдігі өнім өндірумен оны сату және қажетті шикізатты жеткізу мәселелерін бірлесіп қарастырып жатыр.

Жансейіт Түймебаев, Түркістан облысының әкімі:

- Ерекшелігі, өте үнемді, әрі ақылды. Өйткені бір шамның өзінде 14 түрлі функция бар. Ал бұл зауыт іске қосылғаннан кейін алдымен Түркістан қаласы, кейін облыс, артылғаны шетке экспортталатын болады.

Чэнь Хуэй, компания директоры /Қытай/:

- Біздің зауыттың мүмкіндігі мол. Өйткені бұл кәсіпорын көше шамдарымен үйге қажетті үнемді шамдарды да шығаратын болады. Ал қуаттылығына келетін болсақ, біз тапсырысқа сәйкес жұмыс істейтін боламыз. Сұраныс қанша көп болса, соншаға шам шығарамыз. Оған мүмкіндігіміз де жетеді.

Хабар 24 телеарнасы