384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде еріктілер жолда қалған жүргізушілерге көмектесуде

  • 670
  • UPD: 08:43, 25.01.2019

Жол бойында қалған жүргізушілерге ақтөбелік еріктілер көмектесіп жүр.

Қар құрсауында қалып немесе көлігі істен шыққан жандар кез келген уақытта бұл қайырымды азаматтардың көмегіне жүгіне алады. Құтқарушылардың дәстүрлі эвакуаторлардан басты айырмашылығы – қызметіне ешқандай ақы алмайды.

Ақтөбелік жас кәсіпкер Асхат Такауов еріктілер тобын осыдан екі жыл бұрын құрған. Түн ішінде көлігі істен шығып, айдалада қонуы бұған себепкер бопты. Игі істі бірінші қасымдағы достарым қолдады дейді. Әлеуметтік желілерде байланыс нөмірін таратып, алғашқы өтініштерге шыққан соң еріктілер қатары артқан. Қазір бұл топтың тұрақты 20-ға тарта мүшесі бар. Бірінші кезекте қараңғы түсе және елді мекеннен тыс жерден жететін өтініштер қарастырылады.

Асхат Тақауов, еріктілер тобының негізін қалаушы:

- Қыстың күні түсетін өтініштерге біз аса көп көңіл бөлеміз. Көмек сұраған азаматтың қиын жағдайда екендігі белгілі. Себебі, боран мен аязды күні кез келген ағаттық адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әбден дайын, барлық қажетті құрал-саймандармен жарақталған көліктер шығады.

Кезекті өтініш қала маңынан түсті. Еріктілер тобының белсенді мүшесі Ринат Жандулин көлігі оталмай қалған азаматқа көмекке асығуда. Қыстың күні мұндай мәселе жиі кезеседі. Бастысы, көмекке жеткен автокөлік сақадай сай болуы керек.

Ринат Жандуллин, ерікті:

- Кілт-құралмен қатар әрдайым жылы киім, 1-2 күрек пен шағын газ пешін алып жүреміз. Көшпелі байланыс станциясын орнаттық. Бірінші кезекте өзіміздің көлігімізге сенімді болуымыз керек. Кей тіпті ауыр жүк көліктерін сүйреген кездеріміз де болды. Балықшылар мен аңшылар да жиі тұрып қалатын.

Еріктілер тобына тәулігіне 20-ға дейін өтініш түсетін көрінеді. Төтенше жағдайлар департаментімен қоян-қолтық араласа қызмет көрсеткен сәттері де болған.

Қайрат Қасым, Ақтөбе облыстық ТЖД басшысының орынбасары:

- Біз жол тазалап, адамдарды қауіпсіз орынға жеткізумен айналысып жатқанда, еріктілер тиісті азық-түлікті жол бойында қалғандарға таратып берді. Тек Төтенше жағдайлар департаментінің өзі үлгере алмас еді. Себебі көлік тығыны бірнеше шақырымға созылған болатын.

Қиын жағдайға тап болған жүргізушілер де өзгелерге қолұшын беруге әрдайым дайын. Күндіз-түні байланыста. Бастысы, жігіттердің қызметі тегін. Еріктілердің бас қосуына себепші болған кәсіпкер Асхат Тақауов оларға алғыс ретінде көлік құралын жөндеуге жеңілдіктер ғана ұсына алатындығын айтады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы