383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық еріктілердің саны он мыңнан асты

  • 719
  • UPD: 14:12, 25.01.2019

Ерікті студенттердің стипендиясы 30 пайызға көтеріледі, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл туралы Елбасы жастар жылының ашылуында мәлімдеді. «Бұл елімізде заңды түрде құрылған тұңғыш «Еріктілер лигасы» қоғамдық қоры жұмысының нәтижесі», – дейді жастар.

Алматылық студенттердің бастамасымен бес жыл бұрын құрылған «Еріктілер лигасы» қоғамдық қорына атсалысуға ниет білдірушілердің саны күн санап артуда. Төрт студенттің бастамасын қолдап, қоғамдық қорға тұрақты мүше болғандардың саны қазір он мыңнан асқан. Көбі студенттер. Мысалы, Альфия есімді студенттің ерікті болуына жастардың қайырымдылығы себеп болыпты.

Альфия Хайбулина, ерікті:

- Өткен жылдың қыркүйегінде аяғымды қайырып алдым. Өзім жүріп-тұра алмадым. Сабаққа бару үшін ғаламтордан еріктілердің көмегін сұрадым. «Еріктілер лигасы» маған үлкен көмек көрсетті. Күн сайын бірнеше ерікті келіп мені сабаққа апарып, әкеліп тұрды. Мұндай қамқорлықтан соң, мен бірден «Еріктілер лигасына» мүше болдым. Қазір ақпараттық қолдау көрсетіп жүрмін.

Жастардың айтуынша, еріктілердің бүгінгі жұмысы бабаларымыздан қалған асардың заманауи жалғасы. Алматыда өткен Универсиадада үш мың және Астанада болған EXPO-2017 халықаралық көрмесінде 900 ерікті барынша атсалысты. Қазір әлеуметтік көмекке мұқтаж қарттар мен көпбалалы отбасыларға тұрақты түрде көмектесіп келеді.

Әзиз Қожденбек, «Еріктілер лигасы» ҚҚ құрылтайшысы:

- Президент ерікті студенттерге стипендияны 30-ға дейін көтеруді айтып өтті. Бұл біздің қатарымыздағы еріктілерді қуантып жатыр. Ол да бір жарқын импульс береді.

Еріктілер әлеуметтік желідегі арнайы парақшаға келіп түскен өтініштердің ешқайсысын назардан тыс қалдырмайды. Онда белсенділер тұрғындарға кеңес беріп отырады. Жастар лигасының бастамасына қалалық әкімшілік пен мемлекеттік мекемелер тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Жастардың ендігі мақсаты – еріктілердің тұрақты көмегін республикалық деңгейге жеткізу.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы