388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Арал балықшылары мың тоннадан астам көксерке аулады

  • 1485
  • UPD: 15:45, 25.01.2019

Арал ауданында көксерке аулауға бекітілген жылдық квота 945 тоннаны құрайды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Балықшылар бұл көлемді 15 ақпанға дейін игеруі тиіс. Олардың тиісті талаптарға сай жұмыс атқаруын облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Арал бөлімінің мамандары қатаң қадағалауда.

Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы өңірдің балық өнеркәсібінің әлеуетін арттырғаны сөзсіз. Бүгінде әйгілі айдында 27 балық түрі бар. Одан жылына 8 мың тонна су маржаны сүзіледі.

Ғани Нұрманов, балықшы:

- Жазда, көктемгі уақытта мөңке болады. Тісті деген балық, шабақ секілді балық, осыны өткізіп, табыс табамыз.

Балықшылардың қанжығасы жылым тартқан сәтте майлана түседі. Ал «алтын балық» деп атап кеткен көксерке – бүгінде теңіз байлығының ішіндегі ең құндысы. Биыл Арал ауданы бойынша бұл балық түрінің 1004 тоннасын аулауға арнайы квота бөлінген.

Есенбай Есіркепов, аумақтық инспекцияның арал бөлімі басшысы:

- Кіші Арал теңізінде 10 айында 642 тонна. Көкарал бөгетінің төменгі жағында және бөгеталды 2 км аймақта балық өлімін болдырмау мақсатында мелиоративтік балық аулап, онда 472 тонна көксерке балығы ауланды. 2018 жылдың қаңтар, ақпан айлары бұл жерде 227 тонна екі айда көксерке балығы ауланған. Осыны сараптап келіп қосқан кезінде 1383 тонна көксерке балығы ауланды.

Дегенмен теңіз байлығын заңсыз иеленушілер де бар. Өткен жылы Арал бөлімінің инспекторлары табиғат қорғау заңнамасын бұзғандарға қатысты 417 хаттама толтырған. «Оның 126-сы сотта қаралып, айыппұл өндірілді», – дейді мамандар. Төтенше жағдайлар қызметі де мұз үстіндегі қауіпсіздікті ерекше бақылауға алған.

Елдос Жиеналиев, жедел құтқару жасағы мм бөлімше басшысы:

- Бөген, Аманөткел елді мекендерінде балықшылар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келе жатырмыз. Қазіргі таңда мұзда жарықтар ашылып кетіп, көліктердің жүруіне қауіпті жағдай туындап тұр. Сол себепті қазір көліктің шығуына рұқсат жоқ. Тек жаяу адам ғана жүруге болады.

Қазір Кіші Аралдың бір учаскесінде табиғат пайдаланушы 6 қайық, 400 ау, 40 балықшының күшімен тиесілі квотаны игеруге құқылы. Бірақ кәсіпкерлер құзырлы органдарға қайықтардың санын 20 данаға дейін арттыру туралы ұсыныс жасап отыр.

Авторлары: Әлібек Байшуленов, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы