386,80 431,60 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында жаңа аудандық аурухана пайдалануға беріледі

  • 1253
  • UPD: 17:28, 25.01.2019

Қызылорда облысының Шиелі ауданында биыл жаңа аудандық аурухана пайдалануға беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жобаға республикалық және облыстық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы аудан әкімі Әшім Оразбеков халықпен есептік кездесу барысында мәлімдеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Өткен жылы әкіммен кездесуде тұрғындар Шиелідегі апатты жағдайдағы аудандық аурухана мәселесін көтерген болатын. Көп жылдан бері жергілікті дәрігерлер тозығы жеткен ғимаратта емделушілерге қызмет көрсетіп келді. Биылдан қалмай бұл мәселе түбегейлі шешімін табады. «Ол үшін аудан орталығынан жаңа 150 орынды аурухана салынуда», – деді аудан әкімі.

Айтулы жоба аясында ауруханаға соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар да алынады. Соның арқасында білікті дәрігерлер бұрын-соңды ауданда болмаған операцияларды жасау мүмкіндігін иеленеді. Бес гектар жерге салынатын бұл нысан 4 блоктан тұрады. Оған 7 бөлімше орналаспақ. 

Әшім Оразбекұлы, Шиелі ауданының әкімі:

– 2018 жылдың басында Тартоғай ауылында, одан кейін Жөлек ауылында екі медициналық бекет пайдалануға берілді. Қазіргі күні 8 амбулатория салу үстінде жекеменшік әріптестік аясында. Одан әрі Ботабай ауылында фельдшерлік акушерлік бекет дайын тұр, ертең жақын күндері пайдалануға береміз. Сонда емханалар мен спорттық сауықтыру кешендері барлығы Шиелі ауданында 19 нысан барлығы 2 жылдың көлемінде салынады.

Әлеуметтің әлеуетін көтеруде жұмыспен қамту мәселесі алдыңғы кезекке шығатыны белгілі. Бұл ретте ауданда мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалана отырып, инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын көбейту секілді нақты жоспарлар бар. Мəселен, былтыр ауданда жылына 1 млн тонна өнім беретін томпанажды цемент зауыты ашылса, енді еліміздегі ең ірі плита құймаларын шығаратын өндіріс орнын да Шиеліде салу көзделіп отыр. Сондай-ақ ауылдарды газдандыру және жол жөндеу секілді мәселелер де күн тәртібіндегі маңызды сұрақтар қатарында. 

Ерәлі Жұмаділов, Шиелі ауданының тұрғыны:

– Кейінгі жылдары су мәселесі қиындық тудырды. Әр жерде ұңғыма қазылып, ол ұңғымалар кешегі кеңестік кезеңдерден қалған еді, ескіріп, тозып тұр. Аудан әкімі бірден сол 1 май, Бірлестік, Сұлутөбе елді мекендеріне 2019 жылы ауызсу мәселесі түгелімен шешіледі деп жұрт алдында жақсы пікірін айтты.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

– Кездесуде алдағы міндеттер де айқындалды. Оның бірқатары аудан дамуындағы маңызды салаларға цифрлы технологияларды кеңінен енгізумен байланысты. Соның ішінде ауыл шаруашылығындағы ақылды ферма секілді жобаларға басымдық берілмек.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов

Хабар 24 телеарнасы