389,81 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да жануарларды қорғауға 100 млн теңге бөлінді

  • 953
  • UPD: 20:32, 25.01.2019

Солтүстік Қазақстан облысында жануарлар дүниесіне 100 млн теңге бөлінді.

Биыл қорықшылар жол талғамайтын жаңа техникалар алып, марал қанын жаңартуды жоспарлап отыр. «Әйтпесе, түз тағыларының тұқымы тозып кетеді», – дейді мамандар. Бұл қауырт қызметтегі қордаланған жалғыз мәселе емес.

Александр Лабойкин – Қазақстандағы ең жас қорықшылардың бірі. 19 жасында ғаламтор ұстамайтын қалың орманда жабайы жануарлардың жанында жүр. Ол елік, марал, қабандарды қоректендіреді.

Александр Лабойкин, қорықшы:

– Жарты жыл болды, жұмыс істеп жүргеніме. Бұл мамандыққа кездейсоқ келдім. Маған ұнайды. Таза ауа, табиғат, жан-жануарлар жаныма жақын. Жалақымыз жаман емес.

Қорықта қызыл кітапқа енген 1 мыңнан астам аң бар. Ен даланың еркелері адамнан қорықпайды. Тіпті қолдан қоректенеді. Қорықшылар оларға жем-шөп, қайың жапырағы мен тұз, бор дайындайды. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Оларды «табиғат жанашырлары» дейді. Шынымен атына заты сай адамдар. Қорықшылар жабайы жануарға қару түгілі, қол да көтермейді.

Түз тағыларына 5 қорықшы қарайды. Олар ормандағы үйде тұрады. Өздері тамақ пісіріп, кір жуады. Сенбі, жексенбі үйге барады. Қалған күндері осында. Евгений Цариктің осылай адал қызмет етіп келе жатқанына 13 жыл болды.

Евгений Царик, қорықшы:

– Тұшпара әзірлейміз. Картоп қуырамыз. Арасында сорпа. Біреудің туған күні болса, ерекше тамақ дайындаймыз. Күнделікті өмір осы.

Табиғат тыныштығын сайын далада сауық құратын сұғанақтар бұзады. Николай Гусельников браконьерлермен бірнеше рет бетпе бет келді. Атысты да, арпалысты да. Соңғы рет 6 маралды аяусыз атқандар ұсталды.

Николай Гусельников, қорық директоры:

– Браконьерлердің бес қаруы сай. Жол талғамайтын тегеурінді техникамен жүреді. Сондықтан оларды ұстау оңай емес. Тағы бір мәселе – маман тапшы. Біздің қызметке көбі қызықпайды.

Биыл қорыққа 100 млн теңге бөлінді. Оған аумақ қоршалып, техникалар сатып алынады. Сонымен қатар мамандар маралдың қанын жаңартпақ.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы