387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы ауруханада жұмбақ жағдайда көз жұмған науқастың өлімі тексеріледі

  • 1165
  • UPD: 20:30, 25.01.2019

Алматы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті дәрігерлердің қателігінен аурухана төсегінде көз жұмған науқастың өліміне қатысты тексеру тағайындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Департамент қызметкерлері тексеру жұмыстарына алдағы дүйсенбіден бастап кіріседі.

Естеріңізге сала кетейік, 11 желтоқсан күні Талдықорғандағы облыстық ауруханаға өз аяғымен келген Анархан Қырғызбаева арада тура бір ай өткен соң жұмбақ жағдайда көз жұмды. Артынша аталған медицина мекемесіндегі дәрігерлердің қаны үшінші топтағы науқасқа «гемоглобині түсіп кеткен» деп, бір емес, бірнеше рет төртінші топтың қанын құйып жібергені белгілі болды.

Қайсар Рахатов, Анархан Қырғызбаеваның ұлы:

– Үшінші топқа төртінші топтың қанын құйыпты. Төрт рет құйылған екен. Бізді дәрігерлер алдап жүрген. Енді арызданып жатырмыз. Жалған құжат жасаған.

Анархан Қырғызбаеваның балалары облыстық қан құю орталығынан алған құжаттарда бұл деректер тайға таңба басқандай көрсетілген. Міне, осылайша ай-күннің аманында біліксіз дәрігерлер жасаған қателік салдарынан қазақтың тағы бір шаңырағы қара жамылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар қазір осы оқиғаға байланысты коммиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын айтты.

Сәуле Қабылова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыстық ауруханада 1947 жылғы науқас көз жұмды. Сол мәселе туралы комиссия құрылды. Комиссия жұмысын атқарып жатыр.

Марқұмның балалары Алматы облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментіне де арыз түсірді. Қазір осы оқиға бойынша тексеру тағайындалды. Тексеру жұмыстары алдағы дүйсенбіден бастап жүргізіледі.

Ерғали Сыдыманов, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы:

– Шағымдағы айтылған нәрселердің бәрін анықтаймыз. Шын мәнісінде қандай қан құйылды, кім құйды, неге дұрыс анықтамады? Басынан аяғына дейін ақ-қарасын анықтап береміз.

«Прокуратура мен ішкі істер органдарына арыздандық. Біздің жанымызға қатты бататыны, аурухана басшылығының «науқасқа бір рет үшінші топтағы қан құйылды» деп жалған құжат жасатып, жауырды жаба тоқуға тырысқандығы. Сондықтан бұл жерде ешқандай келісімге келу, кешірім деген болмайды. Жазықтылар міндетті түрде жазасын алуы тиіс!», – деді марқұмның туған-туыстары.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы