426,99 518.00 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда қанша адам құмар ойындарының құрбанына айналды?

  • 4691
  • UPD: 22:11, 25.01.2019

Қазақстанда құмар ойындардың шырмауына 350 мыңдай адам ілігіп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жеңіл табысқа құныққан азаматтар ұтылған ақшасын қайтарамын деп соңғы 4 жылда 234 қылмыс жасаған екен. Оның ішінде қарақшылық шабуыл мен тонау бар. Оңдырмаған ойынқұмарлықпен күресу үшін «Нұр Отан» партиясы қоғам мен мемлекет арасында ашық диалог құру туралы бастама көтерді. Бүгін осы мәселеге байланысты мемлекеттік органдар, қоғамдық институттар өкілдері мен сарапшылар бір үстел басына жиналып, өз ұсыныстарымен бөлісті.

Жарнамасы жер жарған казино, лото һәм букмекерлік кеңселер оңай олжаны ойлағандарды осылай еліктіреді. Заңды жұмыс істейтіндері бар, заңды елемейтіндері бар, мұның бәрі жеңіл ақшаға құныққандарды ойынқұмарлыққа үйір қылып отыр. Есесіне бұлардың табысы жаман емес.

Талғат Қалиев, саясаттанушы:

– Бір ғана «Олимп» букмекерлік кеңсесінің бір жылдық ақша айналымы 200-250 млрд теңгені құрайды. Бұл – әрине расталмаған ақпарат. Бірақ бұлардың жылдық табысы шамамен осындай. Ал құмар ойындардың шырмауына бүгінде 350 мыңдай адам ілігіп отыр.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ойын бизнесі саласында 85 лицензия беріліпті. Оның 12-і казино, 43-і букмекерлік кеңсе, 15-і ойын автоматы, тағы 15-і тотализатор.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықты аурулар тізіміне енгізген. Осындай дертке шалдыққандың бірі – Жанар Мущанованың баласы. Бүгін бұл келіншек «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған дөңгелге үстелге проблемасымен бөлісейін деп келді. Жұрт салдарын білсін, бұдан сабақ алсын деген ниетпен. «Ойынқұмарлық отбасымның ойранын шығарды» деп налиды ол.

Жанар Мущанова, ойынқұмар баланың анасы:

– Бұл дерт отбасымның шаңырағын шайқалтқаннан кейін мен осында келіп, ел алдында сөз сөйлеуге бел будым. Өйткені мен еліміздің ойынқұмарлардан ада мемлекет болғанын қалаймын. Қазақстандық жастар тек спорттық, аулалық клубтарға барса екен деймін.

Ойынқұмарлық оңдырмайды. Қазақстандық ойыншының орташа қарызы 10 млн теңге шамасында екен. Құмарпаздыққа тәуелді азаматтар ұтылған ақшасын қайтару үшін амалсыздан заңсыз айла іздейді. Ал бұлар үшін тығырақтан шығар жол – біреу.

Мақсат Байболов, ҚР ІІМ ӘПК төрағасының орынбасары:

– Соңғы 4 жылда ойын мекемелеріне қарсы 234 қылмыс жасалды. Оның 81-і қарақшылық шабуыл, 153-і тонау. Ал жыл басынан бері осындай 6 қылмыс тіркелді.

Қазір Мәжілістің қарауына ойын бизнесіне қатысты жаңа заң жобасы түсті. Бұл құжат көлеңкелі іспен күресіп, букмекерлік қызметті реттеуге мүмкіндік бермек.

Күміс Сейітова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жауапты хатшысының м.а.

– Букмекерлік кеңселердің атын жамылып, заңсыз жұмыс істеп жүрген құмар ойындары көп. Кено, покер, рулетка деген секілді псевдобизнес бар. Сондықтан Мәжілістің қарауына түскен заң жобасында букмекерлерге спорттық жарыстардан басқасына ұтысқа ақша қабылдауға тыйым салынады. Сонымен бірге бұл құжат ойын бизнесінің ақша айналымын қадағалауға мүмкіндік береді.

Гүлмира Бергенова, Қазақстан ойын бизнесі қауымдастығының атқарушы директоры:

– Сайттарды бұғаттау тәртібін жеңілдету керек. Өйткені бүгінде бір интернет-ресурсты жабу үшін екі ай қажет. Ал бір күнде онлайн-казиноның отызын ашып шығаруға болады. Сондай-ақ ойын бизнесін жарнамалауға шектеу енгізген жөн.

Бүгінгі алқалы жиынға жиналғандар букмекерлік кеңселердің маңынан ломбардтарды алып тастау, кез келген заңды бұзған құмарлық ойын мекемесінен лицензияны тартып алу секілді ұсыныстар айтты.

Авторлары: Ж.Біркенов және Н.Базаров

Хабар 24 телеарнасы