384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлыбританиядағы қазақстандық студенттер Жастар жылына қатысты ойларымен бөлісті

  • 866
  • UPD: 20:33, 25.01.2019

Ұлыбританияда білім алып жатқан Қазақстан жастары дамудың тың жолдарын тауып, жаңа биіктерді бағындыруға әзір.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елордадағы жиында айтқан сөзіне жігерленген «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары ойларымен бөлісті.

Алтынбек Сейтенов – «Болашақ» президенттік бағдарламасының стипендиаты. Қазір ол Ұлыбританияның озық оқу орындарының бірінде «Қаржы және ақпарат технологиялары» мамандығы бойынша магистратурада оқып жатыр. Алтынбектің айтуынша, Жастар жылының ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өскелең ұрпаққа қатысты ең өзекті мәселелерді қозғады.

Алтынбек Сейтенов,«Болашақ» стипендиясының иегері:

– Маған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім сапасы жайлы айтқаны ерекше ұнады. Шынымен Қазақстандағы оқу орындарының білім беру сапасы өте жоғары болуы керек. Қазір тек диплом иесі болып қана қоймай, сын-тегеуріндерге дайын, сұранысқа ие маман бола білу керек. Өз басым магистратурамды аяқтаған соң Қазақстанда бәсекеге қабілетті IT маман болғым келеді, Менің үлкен арманым – «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу.

Айта кету керек, Президент өз сөзінде «Болашақ» бағдарламасын ел үшін ең қиын кезеңде қабылданған дұрыс шешім деп бағалады. Қаржы тапшылығына қарамастан, Қазақстан аяғына тұра бастаған жылдары жастарды әлемнің ең үздік оқу орындарына, олардың қатарында Тұманды Альбион да бар, жіберіп отырды. Білім беру саласындағы британиялық сарапшылар «Болашақты» білім импортының тиімділігін дәлелдеген Қазақстан бренді деп отыр.

Люк Уэлс, Бирмингем университетінің департамент директоры:

– «Болашақ» бағдарламасымен таныспын. Қазақстанда жұмыс істеп, Астанада болдым. Көбіне кәсіби салада мамандандым. Қазір мойындауымыз керек, елдеріңіз болашақта Қазақстан және бүкіл аймақ алдында тұратын сын-тегеуріндерден алып шығатын жастарды тәрбиелеу үстінде. Ол үшін студенттерді шетелдің ең үздік университеттерінде оқытып, мүмкіндіктерін арттырып жатыр.

1993 жылдан бері халықаралық деңгейде білім алуға 14 мың жасқа мүмкіндік берілді. Олардың көпшілігі жоғары білікті маман болып үлгерді. Түлектер жүздеген ғылыми зерттеулер мен жобаларды өмірдің барлық салалары бойынша жүзеге асырып келеді.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Бейбіт Мәдиұлы

Хабар 24 телеарнасы