384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ресейде оқитын қазақстандық студенттер Елбасы бастамасын қолдап отыр

  • 709
  • UPD: 20:34, 25.01.2019

Жастар жылы қазақстандықтар үшін өзін-өзі дамытып, кәсіби біліктілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашпақ.

Қоғамдағы жастарға қатысты көптеген көкейкесті мәселе осы жылы шешімін табуы тиіс деп есептейді «Болашақ» бағдарламасының стипендианттары. Ресейде білімін шыңдап жүрген болашақтықтар Елбасы бастамасына өз үлесін қосуға дайын екендіктерін жеткізді.

Ресейде барлығы 65 мың қазақстандық студент білім алып жатыр. Олардың басым бөлігі көршілес елге білімдерін шыңдау үшін «Болашақ» бағдарламасы арқылы барған. Ондағы отандастарымыз Қазақстанда Жастар жылының бастау алғанын естіп, Президенттің бастамасын бір ауыздан қолдады.

Мұхтар Баймағұлов, «Жас тұлпар» студенттік ұйымының төрағасы:

– Үлкен үмітіміз бар. Елбасы айтқан бастамалар жүзеге асып, жас мамандарға оқуын бітіріп елге қызмет істеуге мүмкіндік ашылып жатыр.

Мәскеу мемлекеттік университеті, журналистика факультетінің магистранты Дана Сүлейменова – Шымкенттің тумасы. Дипломын алып, республикалық басылымда жұмыс істеп көрген соң, білімін жалғастыруды қалайды. Арманы «Болашақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асқан. Енді Дана оқуын аяқтаған соң, азаматтық журналистиканың халықаралық стандарттары мен жаңа медиа саласын отандық басылымдарға енгізбек. Дана Президенттің Қазақстанда жастар интеллектуалды банкін құру бастамасы ерекше көңілден шыққанын айтады. 

Дана Сүлеймен, «Болашақ» стипендиясының иегері:

– Жалын мен жігер, ізденіс пен талпынысты талап ететін жастық шақта ел болашағы үшін еңбек етудің нағыз кезі. Сондықтан мен замандастарымды артылған сенімді ақтауға, берілген мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын. Болашақ бағдарламасының аясында мыңдаған қазақ жастары әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Мұның барлығы мемлекетіміздің жастардың өміріне деген үлкен көмегі, септігі деп білемін. Сондықтан Ұлы дала елінің өркендеуіне біз, жастар дайынбыз деп айтқым келіп отыр.

«Болашақ» бағдарламасының түлектері Қазақстанда жастардың оқып, білім алып, жақсы жұмысқа орналасуы үшін мемлекет қолайлы жағдай жасап жатқанын айтады. Бастысы әр отандасымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін талпынуы керек.

Авторлары: Дана Нуржан, Александр Любителев

Хабар 24 телеарнасы