383,35 434.70 5.96
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі жас кәсіпкерлер мектебінде жылына 65 қыз-жігіт оқиды

  • 749
  • UPD: 22:00, 27.01.2019

Ақтөбеде 2015 жылы ашылған жас кәсіпкерлер мектебінде жылына 65 қыз-жігіт бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбісі кейін өз ісін бастап, шаруасын дөңгелетіп әкетіп жатыр.

24 жастағы Нарқозы ағылшын тілін үйрететін әлеуметтік мектеп ашты. Әлеуметтік дейтіні, жетім өскен балалар тегін тіл үйренеді. Тұрмысы төмен немесе баласы көп отбасындағы жеткіншектерге едәуір жеңілдік жасалады. Нарқозы кәсіпкерлік негіздерін оқығаннан кейін бизнес-жоспарын жасайды. Идеясы көпшілікке ұнап, қолдау табады. Ғимаратты да жеңілдікпен жалға алып отыр.

Нарқозы Қартжан, жас кәсіпкер:

Бұл кәсіп негізі еріктіліктен басталған. Себебі, өзім еріктімін. Сондықтан осы еріктілік пен ағылшын тілін үйрету дағдыларын қосып, осындай жоба ашуға бел будық. Әрине, кедергілер болды, кедергісіз ештеңе болмайды, оның бәрін жеңе білу керек. Еңбектенсе бәрін табуға болады,бәрі де қолымыздан келеді деп ойлаймын.

Айтуынша, жақында бастаған бизнестен бірден мол кіріс болмайды. Сондықтан, кәсібін кеңейтуді көздейді. Әзірге екі орталық ашып қойды. Оқушылардан бастап, ересек адамдарға дейін ағылшын тілін үйреніп жүр. Нарқозы қаладағы ең үздік мұғалімдерді әріптестікке шақырып, бірлесе жұмыс жасап жатыр.

Ділназ Сабыржанқызы, оқушы:

- Оқу орталығына желтоқсан айының басынан бастап келіп жүрмін. Осыған дейін мектепте алып жүрген оқуымды осында келіп дамыттым. Ұнайды, өмірде болып жатқан құбылыстарды, алдыма келген сұрақтарға қиналмай жауап беремін.

Жас кәсіпкерлер мектебінен арнайы курс оқып шыққандар өз бизнес жоспарларын қорғап, идеялар жәрмеңкесіне қатысады. Сол жерде инвестор табу мүмкіндігі бар. Жалпы бұл жоба бойынша жылына 65 жас кәсіпкерлік негіздерін оқиды. 2018 жылы 3 жоба үздік деп танылып, арнайы грант ұтып алған.

Сәлима Мұқанова, бизнес-тренер:

- Жастарға бағытталған және бұл жоба «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бұл жобаға ҚР азаматтары қатыса алады. 5 күндік оқу жүзеге асады. Бұл оқу барысында маркетинг, қаржы, персоналды басқару, заңгерлік аспект сияқты мәселелер қарастырылады. Жоба аяқталған соң бизнес жоба дайындап, қорғайды.

Жалпы Ақтөбе облысында 50 мыңға жуық кәсіпкер тіркелсе, оның жартысынан көбі жастар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы