384,85 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында ерікті жастардың қатысуымен 15 млн теңгенің ісі атқарылған

  • 1263
  • UPD: 08:11, 28.01.2019

Түркістан облысында 500 мыңнан астам жас бар.

Сондықтан аймақта биыл жыл соңына дейін еріктілердің санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр. Ал белсенді жастардың өздері алдағы биылғы жылдан үлкен үміт күтеді.

Айдана Есіркеп – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің 3 курс студенті. Мамандығы аудармашы. Алғаш рет ерікті жас ретінде киелі шаһарда өткен ТҮРКСОЙ-дың жиынына қатысқан. Содан кейін қызығушылығы оянып, кейін Астанадағы өткен ЕХРО-да да аудармашы қызметін атқарыпты.

Айдана Есіркеп, ерікті жас:

- Командамыздың ашылғанына әлі бір жыл толған жоқ. Қайырымдылық қорлар, концерттер, іс-шаралар ұйымдастыруға мұрындық боп жатырмыз. Жастар жылының ашылуына орай Елбасымыздың еріктірлердің стипендиясын көтеру керек дегені бізді өте қуантты. Себебі, бұл – еріктілердің еңбегін бағалау, осы Жастар жылында бұдан да көп жұмыс істейміз деген ниеттеміз.

Елбасы Астанада өткен Жастар жылының ресми ашылуында жастарға үлкен сенім артатынын, олардың қоғамдағы әрбір өзгеріске бейжай қарай алмайтынын, сондықтан қарапайым әдептерді ұстанып, адами қасиеттерді қадірлеуге шақырған болатын. Әсіресе қарттар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созатын ерікті жастарды көбейтіп, жұмыстарын жандандыруды жүктеді.

Ислам Жолбасқанов, ерікті жас:

- Елбасы айтып кеткендей, бізде ауданда әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен арнайы тізімді алып, біз аудандағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасы болсын, Ұлы Отан соғысының ардагерлері болсын, жалғызбасты аналар мен қарттар, мүмкіндігі шектеулі жастар деген сияқты көптеген бағыттарда жұмыс атқарып келеміз.

Жалпы, Түркістан облысындағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жастардың 30 процентке жуығы өз еріктерімен еріктілер тобына мүше болғандар. Биыл өңірде белсенді жастардың қатысуымен түрлі жобалар, қайырымдылық іс-шаралары өтіп тұрады. Білім мен ғылымға бөлінетін гранттар санын көбейту, жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету және «Жас сарбаз» ұйымдарын жандандыру бағытында да бірқатар шара жүзеге асырылмақ.

Береке Дүйсебеков, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы:

- Ерікті деген бұл – әрбір жастың, әрбір азаматтың өзінің жеке жан қалауымен осы қоғамға кішкене болса да қосатын үлесі. Бұл жастардың бойында азаматтық позицияны, патриоттық сезімді оятатын бағыттардың бірі. Ерікті болу арқылы біз жастарды осы қоғамға бейімдеп, келешекте өзінің Отанына, қоғамдағы әлеуметтік жағдайларға бейжай қарамай, оған өзіндік үлесін қосуға шақыратын бірден-бір платформа.  

Түркістан облысында 500 мыңнан астам жас бар. Сондықтан аймақта биыл жыл соңына дейін ерікті жастардың санын 10 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, өткен жылы өңірде ерікті жастардың қатысуымен 15 млн теңгенің ісі атқарылған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы