384,59 430.70 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мамандар: Түркістан 15-20 жыл бұрынғы елорданы еріксіз еске түсіреді

  • 1028
  • UPD: 20:50, 28.01.2019

Түркістан қаласында соңғы 2-3 айда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр.

«Бұл бір қарағанда осыдан 15-20 жыл бұрынғы елорданы еріксіз еске түсіреді», – дейді түркістандық құрылысшылар. Қазір Астананың ажарын ашып тұрған зәулім ғимараттарды тұрғызған құрылыс компаниялары енді рухани шаһардағы құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған. Киелі қаланың келісті келбеті айшықталар күн де алыс емес.

Түркістан облыс орталығы болғалы бері бұнда көптеген жұмыс атқарылып, талай тірлік тындырылды. Біз қазір Түркістан қаласындағы жаңа әкімшілік-іскерлік орталығының аумағында тұрмыз.

Қазір мұнда облыс әкімшілігі мен басқармалардың және аумақтық департаменттер үйі ғимараттарының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл басында қазығы қағылып, іргетасы қаланған болатын. Жалпы осы әкімшілік-іскерлік орталығындағы 700 гектар жер телімінің бүгінгі таңда 513 гектары мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның ішінде бірінші кезекте 12 нысан түсетін 48 гектардан астам жер телімі толық босатылды. Қазір 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Мұнда қазір 4 жарым гектар аумақта «Астана» алаңының, 1000 адамға арналған Конгресс орталығының, аумағы 10 000 шаршы метр болатын заманауи үлгідегі Оқушылар сарайының, 7 мың орынға шақталған стадион мен медиа-орталықтың құрылыс жұмыстары және жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 900 орындық мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Білім ұясы биыл қыркүйек айында пайдалануға берілсе, қалған нысандар 2020 жылы толық аяқталады.

Жалпы, соңғы 6 айда мұнда тұрғын үй құрылысының қарқыны үдемесе, бәсеңдеген емес. Өйткені осындағы Отырар шағынауданында былтыр күзде әрқайсысы 60 пәтерлі 26 тұрғын үйдің құрылысы басталған еді. 1536 пәтерлі баспаналардың 20-сы, яғни 1200 пәтері арендалық тұрғын үйлер болса, қалған 336 пәтерлі 6 үй несиелік баспаналар. 660 пәтерлі 11 үйдің құрылысы алдағы сәуір айында аяқталса, несиелік 6 үй маусым айында пайдалануға берілмек. Қалған 540 пәтерлі 9 үй биылғы жылдың қарашасында ел игілігіне ұсынылады. Одан бөлек қазір осы ауданда «Түркістан – жаңа қала» тұрғын үй алабының құрылысы да жүріп жатыр. Онда жалпы ауданы 200 мың шаршы метр болатын 2724 пәтерлі, 88 көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Оның тең жартысы биыл жыл соңында ел игілігіне берілсе, қалғаны 2020 жылы толық аяқталады. Баспаналар «Нұрлы жер» және «7-20-25» бағдарламалары аясында жүзеге асады.

Авторы: Жандос Жұмабек

Хабар 24 телеарнасы