382,38 428.95 5.97
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлда қоғамдық көліктерден түсетін пайда салыққа түспей отыр

  • 575
  • UPD: 09:50, 29.01.2019

Петропавл қаласының қоғам белсенділері жолаушылар тасымалы қызметін «көлеңкелі» бизнестен шығаратын күн туды деп санайды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталығы қызметкерлерінің айтуынша, көптеген автобустарда әлі күнге дейін билет берілмейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан қоғамдық көліктерден түсетін пайда салыққа түспей отыр. Айдарбек Айтмұхамбетұлы жалғастырады.

Онсыз да аялдамада тоңып қалған адамдар автобуста да бүрсең қағып отыр. Көше көрінбейді. Тұрғындар тырнағымен қырау қырады. Бұл ретте қоғам белсенділері бізбен бірге қоғамдық көліктерді тексеруге шықты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

- Жолаушылардың айтуынша, автобустардың бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Іші суық. Тіпті тайғанақ, жүріп-тұрудың өзі қиын. Ал біз кіріп келгенімізде неге екені белгісіз жүргізуші қашып кетті. Міне, жоқ. Ал мына жерде орындықта шаң-шаң басқан билеттер жатыр. Пайдаланылмайтынға ұқсайды. Өйткені сырты скочталған. Тіпті ескі. Былтырғы жылғы, 2018 жылға арналған билеттер екен. Міне, жүргізуші әлі жоқ. Ал жолаушылар күте-күте шаршап кетіп бара жатыр. Жолдарынан қалған секілді. Ал біз жүргізушіні күтеміз.

Тізгінді тастап тайып тұрған жүргізушіні жол сақшылары ұстады. Құжаттары түгел екен. Тексеруші топ мүшесі Константин Тимичевтің айтуынша, оның ешқандай кінәсі жоқ. Ол да бұрын автобус айдаған. Сондықтан бар шындықты жайып салды.

Константин Тимичев, қала тұрғыны:

- Жүргізушілердің 95% жұмыс берушімен ауызша ғана келіседі. Келісімшарт, әлеуметтік төлем дегендер атымен жоқ. Әрқайсысы басшысына айтылған ақшаны апарып береді. Мысалы, №9 бағыттан күніне 23-24 мың теңге, ал №101 бағыттан 24-25 мың теңге табыс түседі.

Қала тұрғындарын күніне 300-дей автобус тасиды. Тағы бір мәселе билетке байланысты. Қоғам белсенділерінің айтуынша, олар бәріне бірдей беріле бермейді.

Руслан Асаубаев, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірінші медиа орталық» ҚБ СҚОФ жетекшісі:

- Билеттер берілмейді. Жүргізушілер: «бірде жоқ, бірде алмадық», - дейді. Оның бәрі белгісіз. Анығы, қазынаға қаржы түспейді. Яғни, жолаушы тасымалдаушылар нақты қанша пайда көретінін көрсетпейді.

Сонымен, баға жылда көтерілгенімен қызмет көрсету сапасы көтерілмей тұр. Қоғам белсендірелірінің айтуынша, бұл мәселені шешудің бір-ақ жолы бар. Ол жол ақысын электронды түрге көшіру. Бірақ ол күннің қашан туытыны белгісіз.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы