386,04 428,90 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралда жасөспірімдердің қатысуымен 94 қылмыс жасалған

  • 1009
  • UPD: 23:17, 29.01.2019

Балалар арасындағы қатыгездік пен агрессияға тосқауыл қою үшін олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қажет, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

«Әлеуметтік желілерге таралған бассыздық әрекеттерді болдырмаудың бірден-бір жолы осы. Бұл – оралдық педагоктардың пікірі. 

Оралда өткен жылы жасөспірімдердің қатысуымен 94 қылмыс жасалған екен.

Ұрлық түбі – қорлық. Десек те әлі оң-солын танып үлгермеген жастар арасында ала жіпті аттайтындар аз болмай тұр. Тонау мен бұзақылық та жеткіншектер қолымен жиі жасалатын қылмыстарға жатады. Былтыр қала мектептерінде білім алып жатқан 27 оқушы қылмыстық істер бойынша жауапқа тартылған. Тағы 102 жеткіншек ювенальді полицияның есебінде тұр.

Динара Әбдіхалықова, ҚПБ жергілікті полиция қызметінің аға испекторы:  

- Қылмысты жасайтындардың дені тұрмысы төмен отбасылардың балалары. Былтыр осындай 52 жанұя есепке алынды. Кәмелетке толмаған 180 бала есепте тұр. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі қаланың шеткері аумақтарында тұратын материалдық жағдайы төмен отбасылардың балалары.

Жанна Азаматова – үш баланың анасы. Қазір үш ұлы да шығыс жекпе-жегімен айналысып жүр. Спортшы өрендер елімізден бөлек Еуропа мен Азия құрлығында өткен талай жарыста олжа салыпты. Бос уақыттарында футбол ойнап, суда жүзумен шұғылданады. Бір сөзбен айтқанда, балаларымның бос уақыты жоқ. «Спорт оларды тәртіпті болуға, алтын уақытты әлеуметтік желілерге шығындамауға тәрбиелейді», – дейді ол. 

Жанна Азаматова, қала тұрғыны:

- Қазір балаларды қызықтыратын нәрселер өте көп. Кейде кереметтей отбасынан шыққан балалардың өзі жаман әдеттерге үйір болып жүргенін байқайсың. Бұл өте қорқынышты. Осы спорт залына келген сондай балалардың көбі бапкерлердің еңбегінің арқасында дұрыс жолға түсті. Сондықтан мұндай жастарды тәрбиелеуге тұтас қоғам болып атсалысуымыз керек.  

Оныншы сыныпта оқитын Әлфараби де көптен каратэмен шұғылданып жүр. Татами шебері талай жарыста жеңімпаз атаныпты. Ол оқушылар арасында төбелестер болып тұратынын жасырмайды. Өз басынан да өткен бір жай бар. Жетінші сыныпта жүргенде жұдырық жұмсасқан сыныптасымен қазір жандай дос болып кеткен. «Ер шекіспей бекіспейді» деген осы. Уақыттың көбін спорт залда өткізетін ол әлеуметтік желіде таралған сорақылықтарды көрген. Оларға айтар кеңесі мынау.   

Әлфараби Есболов, 10 сынып оқушысы:

- Ана видеодағы көрген бойынша көп бала бір-екі балаға келіп шабуылдағаны қате, әлі жететін адамдарға шабуылдағаны дұрыс емес. Күштері тасып бара жатса, бізге, спорт залға келіп, бізбен бірге шұғылданыңдар. Кез келгенімен шығам спаррингке, кез келгенінің күшін басамыз. 

Педагогтар пайымынша, мұндай сорақылықтарға тоқтау салатындар ең алдымен сол жеткіншектердің арасынан табылуы тиіс. «Ол үшін рухы мықты ұрпақ тәрбиелеуге ұмтылуымыз керек», - дейді ұстаздар.   

Луара Батырғалиева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бейнероликтерді қараған кезде ойландыратын не нәрсе?Біріншіден, баланы соғып жатқан кезде аямаушылық сезімі болатындығы. Ешкімді аяп тұрған жоқ, соны дәреже көріп тұрғандығы. Екіншісі, айналасындағылардың «қой» демегендігі. Біреуі болса да «қой» деп айтса, сол баланың рухы мықты болар еді. Ол тойтарыс беруді үйренуі керек.

Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа тосқауыл қою мақсатында келешекте құқықтану сыныптарын ашу көзделіп отыр. Сонымен қатар спорт үйірмелерінің саны да көбейе түспек. «Ең бастысы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға күш салатын боламы»з, – дейді сала мамандары. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы