386,67 424,50 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-ның Тарбағатай ауданында мал бордақылау жұмысы оң қарқын алды

  • 840
  • UPD: 21:45, 30.01.2019
ШҚО-ның Тарбағатай ауданында мал бордақылау жұмысы оң қарқын алды

Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай ауданында мал бордақылау жұмысы оң қарқын алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыдан 5 жыл бұрын ауданда небәрі 25 бордақы алаңы болса, өткен жылы олардың саны 800-ден асты. Биыл тағы 4 ірі бордақы кешені іске қосылады. Ол үшін шаруашылықтар шетелдерден Ангус, Герефорд секілді асылтұқымды мал әкеліп жатыр. Қазақтың ақ бас сиырына да сұраныс артып келеді.

Болат Көкенайұлы, «Хабар 24» арнасының тілшісі:

- Сәтпаев ауылындағы 4 мың бастық мына бордақы алаңында қазақтың ақ бас сиыры өсіріліп жатыр. Шаруашылықта 50-ге жуық жергілікті тұрғын еңбек етеді. Малдың күйі жақсы, қыстамаға 450 тонна шөп, 300 тонна жем дайындалған. Басты бағыт - сапалы ет өнімдерін экспортқа шығару.

Ербол Танбаев, шаруашылық жетекшісінің орынбасары:

- Малды асылдандыру енді салмағын арттырады ғой. Біздің қазіргі малымыз ұсақталып кетті. Шетелге өндіру үшін де ол мал мраморлы ет болуы керек. Сапалы болу керек. Сол үшін талаптанып жатырмыз. Жемделмей жай жүрсе, ол 70-80, әрі кеткенде 100 келі болады. 4-5 ай жемдеп бордақыласа, 200 келі таза ет береді.

Былтыр аудан тұрғындары «Сыбаға», «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары арқылы 1,5 миллиард теңге несие алған. Оның басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталып, 3500 бас ірі қара, 6500 бас қой сатып алынған. Шаруаларға 1 миллиард теңге көлемінде субсидия да берілген.

Ділдәбек Оразбаев, Тарбағатай ауданының әкімі:

- Біздің ауданымызда қазір 4 мың бастық мал бордақылау алаңы бітті. Қазір онда 2 мыңға жуық қара мал асырап жатыр. Жалпы бір екі айда біз оны 4 мыңға жеткіземіз. Одан басқа тағы 3 мың бастық бір мал бордақылау алаңы салынады. 2 мың бастық екі бордақы алаңы салынады. Мың бастық бір бордақылау алаңы жұмыс істеп тұр. Сонда бізде қазір 8 мың бастық бордақылау алаңы биылғы жылы іске қосылады деп отырмыз.

Мал басы көбейген сайын жем-шөп, азық мәселесін де түбегейлі шешу көзделіп отыр. Ол үшін биыл жалпы сыйымдылығы 43 миллион текше метр су жинауға лайықталған 3 су қоймасын салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Анатолий Тернов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы