427,91 501,70 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбеде зағип жандар қоғамы қағаз пакетін шығаратын цех ашты

  • 1835
  • UPD: 15:16, 31.01.2019

Мүмкіндігі шектеулі жандар дайындайтын өнімді жергілікті сауда орындары сатып алады, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы тұрақты тұтынушылар табуға жәрдем етеді.

Автоматтандырылған желі минутына 180 пакет дайындайды. Қағаздан жасалғанмен, беріктігі полиэтилен пакеттен бірнеше есе артық. Экологиялық таза пакетті медициналық жабдықтар салуға, азық-түлік тасуға қолданады. Су өткізбейді, бірнеше мәрте пайдалануға болады.

Сергей Литвинов, өндірістік цех инженері:

- Қағаз пакеттің тиімділігі жоғары. Ішіне ауа өтетіндіктен, ұн немесе басқа да азық-түлік түрлерін сақтауға болады. Экологиялық талаптарға сай. Шикізатты Ресейден әкелеміз. Қолданылатын желім тағам өндірісінде пайдаланылады.

Облыс билігі мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық бірлестіктері шығаратын өнімдерді өткізу жағына қолдау көрсетіп жатыр. Дәлірек айтсақ, кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, тапсырыс көлемін көбейтуге күш салады. Мысалы, зағип жандар қоғамы ашқан цехтың өнімін көруге супермаркет директорлары келді.

Бакытжан Қазиев, супермаркеттер желісінің директоры:

- Бізді заманауи пакеттер қызықтырады. Оны қайда пайдалану керектігін ақылдасып, қарап жатырмыз. Қазір біз полиэтилен пакеттерін қолданып жүрміз. Алайда әлемнің көп елі қағаз пакет өндірісін дамытты. Сондықтан біздің де көшуіміз әбден мүмкін.

Даметкен Жолмағамбетова, қазақ зағиптар қоғамының өкілі:

- Бұл цехтың ашылуы бізге мол мүмкіндік береді. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары болады. Басқа өндіріс орындарынан қысқартуға ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандарды осында орналастырамыз. Ендігі мақсат – тұтынушылар қатарын көбейту.

Жаңа цехқа әзірге 6 адам жұмысқа орналасты. Олар қазақ зағиптар қоғамының мүшелері. Тұтынушылар көбейіп жатса, цехты кеңейту жоспарда бар.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы