386,44 428,48 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістанда алғаш рет көпфункционалды Жастар орталығы ашылмақ

  • 2519
  • UPD: 15:16, 31.01.2019

Биылғы Жастар жылы Түркістан облысының жастары үшін ерекше болмақ, деп жазады «Хабар 24» тілшісі.

Себебі, облыс орталығы Түркістан қаласында алғаш рет көпфункционалды Жастар орталығы ашылмақ. Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын жаңа ғимарат алдағы аптада пайдалануға беріледі.

Жаңа облыс орталығында Жастар жылында су жаңа Жастар орталығының ашылуы күллі Тұран өңірінің өрендері үшін ерекше сыйлық, үлкен қолдау болғалы тұр.

Келесі аптада ресми түрде ашылып, жастардың игілігіне берілетін орталық несімен ерекше дегенге келсек, ғимараттың ішкі, сыртқы дизайны мен эскизінің барлығы жастардың өз қалауы бойынша жасалған. Заманауи ғимараттың әрбір қабатында өзіндік функциясы бар түрлі жобалар іске асырылады. Нақты айтқанда, коворкинг, жастарға қызмет көрсету орталығы, жас кәсіпкерлерді оқыту мектептері ашылады. Олардың барлығы тегін Wi-Fi желісімен қамтылады. Сонымен қатар орталықта IT парк, робототехника үйірмелері және үлкен спорт алаңдары жұмыс істейді. Яғни мұнда жастардың уақытын тиімді өткізуі үшін барлық жағдай жасалған.   

Тұрсынхан Үміт, ерікті:

- Өткен жылы өңірде ерікті жастардың қатысуымен 15 млн теңгенің жұмысы атқарылған. Жыл соңына дейін ерікті жастардың қатарын 10 мыңға дейін жеткізсек деп отырмыз. 

Жалпы, Түркістан облысында 500 мыңнан аса жас бар екенін ескерсек, бұл межеге жету аса қиындық туғыза қоймайды.

Биыл Түркістан облысында Жастар жылына орай халықаралық деңгейдегі екі үлкен жиын өтеді. Оның бірі – «Түркі жастарының конгресі», ал екіншісі – «Орта Азия жастарының форумы».

Онда мемлекеттік жастар саясатын дамыту жайы жан-жақты талқыланады. Сонымен қатар наурыз айынан бастап жыл соңына дейін «Аудан жастарының Түркістанға тартуы» атты жастар апталығы ұйымдастырылады. Онда 1000-нан аса әртүрлі мәдени-спорттық іс-шара өтеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, өңірдегі мемлекеттік қызметшілердің 22 пайызын 30-ға дейінгі жастар құрайды. Олардың жартысына жуығы лауазымды қызметтер атқарады. Сондықтан биылғы жастар жылынан жастардың барлығы үміт күтеді.

Авторы: Жандос Жұмабек

Хабар 24 телеарнасы