415,57 504.70 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда қомақты қаржы жымқырған кеденшілерге қатысты сот үкімі шықты

  • 1579
  • UPD: 20:36, 31.01.2019

Қазақ-Қытай арасындағы кеден бекетін майшелпекке айналдырып, миллиондаған қаржыны қалтаға басқан сыбайластарға үкім шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Алтынкөл» ісіне қатысты ұзын-ырғасы 17 адам күдікке ілінген еді. Енді олардың алды 12 жылын темір торда өткізеді.

«Алтынкөл» кеден бекетіндегі былықтың беті ашылғанына жылға жуық уақыт өтті. Ұлттық Қауіпсіздік қызметінің ауқымды тексерісі барысында сыбайласқан топ құрылып, қомақты қаржы жымқырып келгені анықталған. Осылайша бірден 17 адам күдікке ілкті. Олардың арасында қарапайым қызметкерден бастап, лауазымды тұлғаларға дейін бар. Ең алғаш болып сот үкімін қылмыстық топтың серкесі Арман Мұхамедиев естіді.

Маратпек Кәкімжанов, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соттың төрағасы:

– Мұхамедиев Арман ұйымдасқан қылмыстық топ құрған үшін, пара алған үшін және өз қызметін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп танылып, 12 жыл бас бостандығынан айырылсын. 554 мың 962 АҚШ доллары ұлттық валютаға аударғанда 184 миллион 913 мың көлемінде пара түріндегі қаржы тәркіленсін. 

Қылмыстық топтың іс-әрекеті өте қитұрқы құрылған. Параны тікелей алмайды және күдікке ілікпеу үшін аса сақ қимылдайды. Мысалы, кадрде Виктор Козлов кәсіпкермен кездесу үшін ойын-сауық орталығын таңдаған. Кейінгісі білдірпей бір нәрсені ұстата салды. Бұл Қытайдан келетін тұрмыстық заттарды елге өткізу үшін берілген ақы болатын. Сыбайласқан топ дәл осылай әр контейнер не әр вагон үшін 1 мың мен 3 мың доллар аралығында пара алып келген.

Сол үкімі бойынша Виктор Козлов енді алдағы 5 жылын темір торда өткізеді. Дәл осындай жаза оның 2 сыбайласына да тағайындалды. Ал Нұрлан Шалқаров, Ақмарал Ақтанова, Әділбек Қалымов есімді осы іске қатысы бар 3 адам 1 жыл бас бостандығынан айырылды. Жалпы бұл қылмыстық топ мүшелері адамның түсіне кірмейтін байлықты қалтаға түсіріп отырған. Тергеу мен тінту барысында күдіктілерден 116 мың АҚШ доллары мен 4 млн астам теңге табылды. Түйені түгімен, биені бүгімен жұтқандар тықыр таянғанын сезіп, ҰҚҚ істі жылы жаба салатын лауазымды тұлғаларды іздей бастайды. Ең қызығы олар өздерінің ізіне түскен адамдарға шығады.

Осылайша қылмыстық топ мүшелері пара алған дегенмен қатар, пара берген деген күдікке ілігіп, жағдайларын қиындатып алды. Даулы процеске судья болған Маратбек Кәкімжанов сотталушылардан жүздеген миллион теңге заңсыз келген қаржыны тәркіледі. Бұған қоса, сотталғандар белгілі бір мерзім аралығында мемлекеттік қызмет істеу, кәсіпкерлікпен айналысу құқықтарынан айырылды. Сондай-ақ кеденнің бұрынғы қызметкерлерінен әскери және арнайы шендері қайтарылып алынды.

Хабар 24 телеарнасы