387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда цифрлық технология саласының мамандары бас қосты

  • 655
Алматыда цифрлық технология саласының мамандары бас қосты

Алматыда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрлерінің үшінші кеңесі өтті.

Шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның сала жетекшілері қатысты. Жиында инфокоммуникациялық технологиялар саласындағы ортақ инфрақұрылымдық жобалардың дамуы мен аймақтық инновациялық экожүйені қарқынды нығайту жайы талқыланды. Бүгінгі таңда өзара қарым-қатынас экономика, саясат, мәдениет пен білім және тағы да басқа салаларда қарқынды дамып келеді. Еліміздің Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, кеңеске мүше елдер алдағы уақытта цифрлық технологиялар саласындағы әріптестікті күшейтуге баса назар аударатын болады.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

– Біздің елдер арасындағы өзара әріптестіктің нығаюы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатындағы басым бағыттарының бірі. Өткен жылы қырғыз жерінде өткен Түркі кеңесінің 6-саммитінде Елбасы Алтайдан Анадолыға, Байкалдан Балқанға дейінгі атырапта сахарада байырғы баһадүр бабаларымыздың ізі сайрап жатыр. Түркі халықтары үшін қасиетті ұғымды көзіміздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа лайық етіп қалдыру қажет деген болатын.

Қазіргі таңда қазақстандықтардың 76 проценті интернетті қолданады. Ал әлем халқының 52 проценттен астамы ғаламтормен жұмыс істей алады. Бұл саладағы айналым көлемі екі триллион доллардан асып, әлемдік Ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызына жетті. Сондықтан тек мемлекеттер емес, аймақтар арасында тығыз байланыс орнату маңызды.

Бағдат Әмреев, Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы:

– Бүгінде ынтымақтастықтың 4 негізгі бағыты анықталды. Біріншіден, бұл киберқауіпсіздік, екінші электронды үкімет саласы, үшінші спутниктік сервис саласы. Төртінші – Әзербайжанның бастамасымен жасалған Трансеуразиялық супер ақпараттық магистраль жобасы. Бұған көп ел қатысады. Осы жобаға Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің қатысуын да талқылап жатырмыз.

Мехмет Турхан, Түркияның қатынас және инфрақұрылым министрі:

– Дамыған елдердегі экономикалық өсім 4-5 пайыз болса, ақпараттық-технологиялар саласындағы өсім ол көрсеткіштен 10 есе көп. Сондықтан болашақта бәсекеге қабілетті телекоммуникациялық компаниялар ел экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етеді.

Хабар 24 телеарнасы