384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары цифрландыру мәселелерін талқылайды

  • 663
  • UPD: 08:26, 01.02.2019

Бүгін Алматыда «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0» атты форум басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алқалы жиынға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшылары, ақпараттық технологиялар саласындағы халықаралық сарапшылар, саясаткер, ғалым, бизнесмендер қатыспақ. Форумның пленарлық отырысында Еуразияның біртұтас инновациялық экожүйесін құру, одаққа мүше елдердің технологиялық әлеуетін арттыру мәселелері қаузалады. Одан соң бес панельдік сессия өтпек. Алғашқысы – Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібіне арналса, екіншісінде инновациялық экожүйе талқыланбақ. Үшінші сессия – индустрия тақырыбын арқау етсе, төртіншісінде - Біріккен ұлттар ұйымы өкілдерінің қатысуымен тұрақты дамуға қол жеткізу мәселесі қаузалады. Ал панельдік сессияның бесіншісі шағын және орта бизнесті цифрландыруға бағытталады.

Василий Гриневич, Бірыңғай цифрлық сауда-логистикалық платформасының негізін қалаушы:

- Шағын бизнес саласында өндірілген тауарды өткізу үшін әкімшілік кедергілердің болмауы маңызды. Мұның тиімді жолы - цифрлық бағдарлама. Негізгі бағыттарын форум кезінде айтамыз. Жаңадан бастаған кәсіпті қолдау үшін оған қажетті қаржы көздері керек екені белгілі. Оның да жолдарын ұсынамыз. Ал IT салаға тоқталсақ, ең алдымен қымбат қондырғы, жүйе болуы тиіс. Бұл бағытта шағын бизнес өкілдері кооперация құрғандары дұрыс. Өзім осының бәрін бүгінгі форумның сессиясында баяндаймын.

Жалпы форумға ұзын саны 800-ден аса делегат қатыспақ. Оның ішінде ірі IT компаниялардың құрылтайшылары, халықаралық ақпараттық технологиялық парктердің басшылары мен АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Сингапур, Швейцария мен ТМД елдерінің технологиялық индустрия саласындағы 50 шақты өкілі бар.

Хабар 24 телеарнасы